Депутаттар жеке қосалқы шаруашылық заң жобасын министрлікке пысықтауға қайтаруды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілісте «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын таныстырудан кейін болған талқылау кезінде депутаттар аталған құжатты жетілдіру үшін министрлікке (АШМ) түзетуге қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасын түзету үшін ведомствоға қайтаруымыз керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеке қосалқы шаруашылығын мемлекеттік реттеудегі үлкен құқықтық вакуумды жабуға тырысқан. Халқымыздың 42 пайызы ауылды жерде тұратынын, заң жобасы тұрғындардың әлеуметтік-құқықтық әрі ең сезімтал қатынастарына қатысты болатынын ескерген жөн... Осы орайда мен Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мүшелерінің пікірін жеткізіп отырмын. Бүгін қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық жауаптар болмады деп санаймын. Бұл заң жобасы шикі екені туралы шешім қабылдау керек. Алдағы уақытта өңірлерге осы заң жобасын түсіндіру үшін бара алмаймыз. Себебі қазір біздің тарапымыздан министрлікке осыншама сұрақ қойғанымызды көріп отырсыздар. Ертең біз өңірлердегі кездесу кезінде тұрғындар біренеше есе көп сауал жаудыратынын білеміз» - деді депутат Гүлнар Бижанова.

Осы орайда ол Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ескертпелерін назарға ала отырып, заң жобасын қайта пысықтауға жіберуді ұсынды.

Өз кезегінде Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, депутат Асқарбек Үйсімбаев заң жобасы жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметін реттеу және оларды дамыту мәселерін шешуге мүмкіндіктер беретін нақты тетіктерді көрсетпей отырғанын жеткізді.

«Осы сектордың мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін нақты нормалар қажет... Тұтастай алғанда, ұсыныстарды ескере отырып, заң жобасын мемлекеттік реттеуші рөлін күшейте отырып пысықтау және мемлекет тарапынан қолдау іс-шараларын күшейту қажет деп санаймыз», - деді А. Үйсімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын таныстырды.