Депутаттар жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасына 1 мың 700-ден астам ұсыныс жасады

АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің қарауында жатқан «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасына депутаттар тарапынан 1 мың 700-ден астам ұсыныстар түскен.

Бұл туралы бүгін аталған заң жобасын талқылау барысында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасында Үкіметтің, сондай-ақ құзіретті органның жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың функциялары нақтыланып отыр. Сонымен бірге, мемлекеттің басымдықтарын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның пайдалы қазбалар қорларын сараптау комиссиясының, жер қойнауын пайдалану құқығын беретін комиссияның қызметтері толық регламенттелді. Бұл комиссиялар бүгінгі күні нақты іс жүзінде қызмет етіп отырғанымен де, қолданыстағы заңнамада олар қарастырылмаған. Үшіншіден, алғаш рет осы салада жобалық құжаттардың маңызды рөлі орнықты қамтылды. Бұл бұдан былай жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерін әзірлеу үшін негізгі құжат ретінде қаралатын болады. Оның үстіне, өндіруге арналған жобалар үшін жобалау ұйымының тарапынан маңызды тәртіпке келтіруші фактор ретінде қадағалау да енгізілді. Сондай-ақ, заң жобасында құзіретті органның құқық беруге рұқсаты қажет болмаған жағдайда жер қойнауын пайдалануға қатысты жаңа нормалар енгізілді. Бұдан басқа, заң жобасы конкурстық ұсынысты екі топқа бөлуді болжайды, оның бірі - ең аз қажетті талаптар тізбесі, екіншісі - жеңімпазды анықтау өлшемдері. Бұл құрылым рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджеттік төлемдердің ең жоғары шекке жеткізуге мүмкіндік береді», деді С. Мыңбаев.

Министрдің айтуынша, бастапқыда заң жобасында кен орындарын барлау мен өндіруге арналған бөлек келісімшарттар көзделген. Бұл мәселеге қатысты депутаттардың алаңдаушылығын Үкімет түсінікпен қарап, барлау мен өндіру туралы норма операция түрі ретінде қалпына келтірілген. Сонымен бірге, құжатта жер қойнауын пайдаланушыларға қазақстандық қамту бойынша қойылатын талаптар да анықталған.

«Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар тарапынан 1 мың 700-ден астам ұсыныстар келіп түсті. Бұлардың 650-ден астамы салыстырмалы кестеге қабылданды», деді министр.