Депутаттардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған типтік бағдарлама әзірленді - Ерлан Әбіл

АСТАНA. KAZINFORM – 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде біліміне білігі сай депутаттар жергілікті биліктің нәтижелі жұмысының негізі болып табылатынын атап өтті.

Фото: Мемлекеттік басқару академиясы

Президент өз сөзінде депутаттар жоспарлы түрде білім алып, білітілігін арттыруы керектігін айтты. 

«2022 жылдың сәуір айында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен бірлесіп барлық деңгейдегі депутаттардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған типтік бағдарлама әзірледі.

Бағдарламаны академия филиалдары еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырды. Оқыту бағдарламасында заң шығару қызметі, депутаттардың жұмысын тиімді ұйымдастыру, Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының архитетурасы, сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеу және кризистік жағдайдағы коммуникациялық менеджменттің технологиялары, халықпен тиімді қарым-қатынас орнату, бюджеттік процестің заманауи тәсілдері сияқты маңызды тақырыптар қамтылды», — деді академия ректоры Ерлан Әбіл.

Оның дерегінше, 2022 жылдан бастап Астана қаласынан және басқа да өңірлерден 3000-ға жуық мәслихат депутаты академияда және оның филиалдарында оқыды.

Депутаттарға дәріс оқуға академия орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жетекші сарапшы-практик мамандарын тартады. Мамандар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен, білімдерімен, заманауи технологиялармен бөлісіп, мәслихат депутаттарына жұртшылықпен тиімді коммуникация орнатудың заманауи тәсілдерін меңгеруге көмектеседі.

«Президент партияларды депутаттарын оқытуды белсенді қолдауға және өзекті мәселелерді шешуге жоғары деңгейдегі кәсібилік пен дайындықты қамтамасыз ету үшін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен ынтымақтастық орнатуға шақырды. Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы бірлескен жұмыс депутаттық қызметтің жоғары стандарттарын қалыптастыруға және халықпен тікелей байланысты жақсартуға көмектесетініне сенім білдірді», — деп атап өтті ректор.

Ол ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекет басшысы қойған міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру бойынша семинарларды сапалы ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосуға дайын екенін де жеткізді.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында сөз сөйледі.