Депутаттардың мерзімінен бұрын сайлауы Парламентке тың идеялар алып келеді - Е. Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы мерзімінен ерте парламенттік сайлау елдің қоғамдық-саяси өміріне белгілі бір қарқын береді, сондай-ақ Парламентке жаңа идеяларды алып келеді.

Бұл өз кезегінде билік пен азаматтар арасындағы бұдан арғы диалогты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті.

«2016 жыл Қазақстан үшін сайлау науқаны тұрғысындағы оқиғамен ерекше болады. ҚР Парламентінде болжанып отырған сайлау елдің саяси және әлеуметтік жаңаруында жаңа кезең болуы тиіс»,-деді Е. Қарин «Орталық Азия 2016: трендтер және сын-қатерлер» атты «дөңгелек үстелде».

Оның сөзіне қарағанда, Мәжіліс депутаттары бастамасы биылғы жылдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі болып отыр.

«Бұл тұрғыда барлық негізгі дәлелдер келтіріліп, ұстанымдары нақты түсіндірілді. Сондықтан да осы болжанып отырған сайлау елдің қоғамдық-саяси өміріне белгілі бір қарқын береді. Жаңа әрі тың идеялар билік пен азаматтар арасындағы бұдан ары қарайғы диалогты дамытуға ықпал етеді»,-деген пікірін білдірді Е. Қарин.

Сарапшының пайымынша, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарда мерзімінен бұрын сайлау өткізу дағдарысқа қарсы саясатты тиімді жүзеге асыру үшін қажетті қадамдарды әзірлеуге мүмкіндік береді.