Депутаттыққа кандидаттарды тіркеу аяқталып, насихат жұмыстары басталды - Қызылорда облысы
16:57, 22 Желтоқсан 2011
ЗЫЛОРДА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Орталық сайлау комиссиясының Қызылорда облысы бойынша сарапшы-өкілі Аягөз Сырлыбаеваның хабарлауынша, облыста барлығы 374 депутаттыққа кандидат ұсынылып, олардың 372-сі тіркеуден өткен.
Тіркелгендерден 79 адам - облыстық, 50 адам - қалалық, 243 адам аудандық мәслихаттарға депутаттықтан үміткер болып отыр. Осылайша, облыстық мәслихаттың бір мандаты үшін бәсекенің деңгейі орта есеппен 2,8 үміткерден келеді. Мұндағы төменгі көрсеткіш бір орынға 2,3 үміткерді тіркеген Қазалы және Сырдария аудандарының еншісінде. Сол сияқты облыстық мәслихатқа тіркелген кандидаттардың 142-сін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ұсынса, «Ақ жол» партиясы 19 үміткерін бәйгеге қосқан. Ал қалған партиялардың үлес-салмақтары тым аз. Сонымен бірге 202 адам өзін өзі ұсынған болып шықты.
Қазір облыста үміткерлерді тіркеу толық аяқталып, насихат жұмыстары басталып кетті.