Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Киелі Абай өңірінен келген жиырма бір мектеп оқушысы мен олардың төрт жетекшісі Астананың мәдени орындарын, соның ішінде «Бәйтерек» кешенін, Тұңғыш Президент мұражайын, Бейбітшілік және келісім сарайын, «Думан» ойын-сауық орталығын аралап, Парламент Мәжілісінің ғимаратында заң шығарушылар мекемесімен танысты. Олар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, заң шығару органының күнделікті қызметі туралы депутат Нұртай Сабильянов айтып берді.
Депутат Нұртай Сабильяновтың Шығыс Қазақстан облысының мектеп оқушылары мен тұрғындары үшін осындай іс-шара ұйымдастыруы бірнеше жылдан бері дәстүрге айналғандай. Ол мұндай іс-шара мектеп оқушыларының патриоттық сезімдерін, рухани келбетін дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені Елбасының тікелей бастамасымен негізі қаланған Астананы көру, ондағы мәдени орындармен танысу ауылдан келген мектеп оқушылары мен жастарға айрықша қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.