Дербес деректерді қорғау: нотариустар қандай жазаға тартылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов нотариустарда дербес деректерді қорғау тетіктеріне қатысты түсінік берді.

Фото: Мәжіліс

— Елде цифрландыру өте белсенді енгізіліп жатыр. Бүгінде онлайн форматта сенімхаттар мен келісімдер куәландырудан өтіп жатыр, сондай-ақ консультациялық көмек көрсетіледі. Ілкі жоба аясында 800 мыңнан астам қызмет онлайн, яғни қашықтан көрсетілді. Сондықтан бірінші оқылымда мақұлданған құжат аясында аталған тетіктерді заңдастыру ескерілген. Жалпы, нотариусқа қатысты халықтың сенімін күшейтуге бағытталған нормалар қабылданып жатыр, — деді Нұрсұлтан Байтілесов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол заң жобасында цифрлық қолтаңбаны, дербес деректерді қорғау бойынша нотариустардың жауапкершілігін күшейту нормалары қамтылғанын айтты.

— Деректерді қорғауға тоқталсақ, егер азаматқа қатысты мәліметтер немесе электронды қолтаңба нотариус тарапынан басқа үшінші тұлғаларға тарап кетсе, мұндай әрекеттердің ауырлығына қарай шара қабылданады. Мәселен, нотариустардың лицензиясын тоқтату немесе қайтарып алу қарастырылған. Мұнымен қоса, ақпаратты қорғауға қатысты басқа заңдарда көзделген, яғни әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жазалары да беріледі, — деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында нотариаттық қызметті жетілдіретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.