Дербес деректерді қорғау талаптарын бұзғандар 12 млн теңгеден аса айыппұл төледі
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет аппараты азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты сауалды қарап, тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
— Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган саналады. Ведомство жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарайды, жоспардан тыс тексерулер жүргізеді және дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын қабылдайды, — деді ол.
Оның айтуынша, дербес деректерді заңсыз пайдаланғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 79-бабында және 641-бабының 1) тармақшасында әкімшілік жауапкершілік, ал Қылмыстық кодекстің 147-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген.
— 2025 жылдың басынан бастап уәкілетті орган дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына 69 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде жалпы 10 665 350 теңге көлемінде айыппұл салынып, 22 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп атап өтті министр.
Сонымен бірге ол «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңды бұзғаны үшін субъектіге бармай-ақ 1 248 410 теңге сомасына 17 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Бұған дейін, Мәжіліс депутаты азаматтардың дербес деректерін қорғау шараларын күшейтуді ұсынған еді.