Дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек – Мемлекет басшысы

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет тиісті мекемелермен бірге азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралауы тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек. Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналды. Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің дерегінше, Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды.

-Үкіметке тиісті мекемелермен бірге киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тапсырамын. Бұдан бөлек, жақында Ұлттық құрылтайда атап өткенімдей, цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек, - деді Қасым-Жомат Тоқаев.

Бұған дейін Президент салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн екенін айтқан еді.