Есеп жинаудан деректерді талдауға
Бүгінде мемлекеттік статистика кәсіпорындар, ұйымдар мен үй шаруашылықтары ұсынатын есептерге негізделген. Оларды жинау, тексеру және біріктіру уақытты талап етеді. Алайда қажетті ақпараттың бір бөлігі мемлекеттік дерекқорлар мен компаниялардың ақпараттық жүйелерінде бұрыннан бар. Сондықтан Қазақстан статистика жүйесін жаңартып, қолда бар деректерді тиімді пайдалануға көшуді көздеп отыр.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, цифрлық дереккөздердің көбеюі статистика қалыптастыру тәсілін өзгертуге мүмкіндік береді.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын статистиканың негізгі көзі респонденттердің есептілігі болатын. Бүгінде мемлекеттік дерекқорларда, банктерде, телекоммуникациялық компанияларда, кассалық жүйелерде, спутниктік және геоақпараттық сервистерде орасан зор деректер көлемі жинақталған. Соны тиімді пайдалану қажет, – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Осыған байланысты жұмыс есептілік жинаудан деректермен жұмыс істеуге көшуге ойысып отыр. Жаңа модель бойынша статистика мамандары алдымен қолданыстағы дереккөздерден қажетті ақпаратты іздейді, ал қосымша мәліметтерді тек қажет болған жағдайда сұратады.
Дегенмен дәстүрлі сауалнама мен зерттеулер маңызын жоғалтпайды. Мысалы, кассалық чектер адамдардың қандай тауар сатып алып, қанша ақша жұмсайтынын көрсеткенімен, отбасының шығынын не себепті қысқартқанын немесе табысының қалай өзгергенін түсіндіре алмайды. Мұндай мәселелерді анықтау үшін халық арасында сауалнама жүргізу қажет болуы мүмкін. Демек, жаңа модель қолда бар деректерді барынша пайдаланумен қатар, ақпарат жетіспеген жағдайда дәстүрлі әдістерді қолдануды құптайды.
Реформа аясында бюроның міндеті де кеңейеді. Ведомство көрсеткіштерді жариялаумен шектелмей, ұлттық деректер жүйесіндегі ортақ талаптарды үйлестіруге тиіс.
Инфляция мен көші-қонды есептеудің жаңа тәсілдері
Мәселен, инфляцияны есептеуде фискалдық дерек операторларының мәліметтері пайдаланылады. Олар дәстүрлі баға мониторингін толықтырып, саудадағы өзгерістерді терең талдауға сеп.
Сату деректері арқылы тұтынушылардың мінез-құлқын да зерттеуге болады. Атап айтқанда, қандай тауарлар жиі сатып алынатынын, қайсысына сұраныс азайғанын және қымбаттаған өнімдердің орнына тұтынушылар нені таңдайтынын анықтауға болады. Дегенмен инфляцияны дәл есептеу үшін бұл мәліметтерді баға көрсеткіштерімен салыстырып, деректердің толықтығын тексеру қажет.
Сондықтан кассалық ақпарат дәстүрлі баға бақылауын толық алмастырмайды. Деректерге қандай дүкендер мен тауарлар кіретіні, олардың қаншалықты толық қамтылғаны және өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстыруға жарамдылығы ескерілуге тиіс.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының шолуында Қазақстанға фискалдық чектерді пайдалануды жалғастырып, сауда желілерінің деректерін статистикаға енгізу мүмкіндіктерін зерттеу ұсынылған. Сарапшылар баға мониторингінің географиялық ауқымын, әсіресе ауылдық жерлерде кеңейтудің маңызын атап өтеді.
Бұл өзгерістер күнделікті өмірге де әсер етеді. Ресми инфляция халықтың өмір сүру көрсеткіші қалай өзгергенін бағалауға көмектеседі. Ал өңірлердегі баға мен сатып алу туралы мәліметтер неғұрлым толық болса, мамандар тұтыну нарығындағы өзгерістерді соғұрлым дәл анықтай алады.
Статистикада қолданылуы мүмкін тағы бір дереккөз – мобильді байланыс операторларының мәліметтері. Олар халықтың көші-қонын, туристік ағынды және адамдардың аумақтар арасындағы қозғалысын зерттеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, қалада ресми тіркелген тұрғындар саны нақты дерек көрсете бермейді. Бірі көрші ауданнан жұмысқа келсе, енді бірі басқа қаладан қатынайды. Туристік маусымда келушілер саны да артуы мүмкін. Мұндай ақпарат көлік қатынасын, медициналық қызметтерді және өзге де инфрақұрылымды жоспарлауға көмектеседі.
Алайда мобильді деректерді адамдар санын дәл көрсететін өлшем ретінде қарастыру мүмкін емес. Барлық тұрғын бір оператордың қызметін пайдаланбайды, ал телефонның орналасқан жері адамның сапар мақсатын анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мұндай мәліметтерді басқа дереккөздермен салыстырып, дұрыстығын тексеру қажет.
Қазақстан статистикасында ЖИ қалай қолданылады?
Реформаның тағы бір бағыты – жасанды интеллектіні статистикалық жұмысқа енгізу. Ұлттық статистика бюросы технологияны есептерді толтыруға көмектесу, мәліметтерді тексеру, қалыптан тыс көрсеткіштерді анықтау және талдамалық материалдар әзірлеу үшін қолдануды жоспарлап отыр. Пайдаланушыларға кеңес беретін чат-боттар сияқты кейбір цифрлық құралдар қазірдің өзінде жұмыс істейді. Ал жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану алдағы жоспарға енгізілген.
Мысалы, кәсіпорын есебіндегі көрсеткіш бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда күрт өзгерсе, жүйе маманның назарын осы ауытқуға аударады. Бірақ мұндай өзгеріс қателік барын білдірмейді. Ол экономикадағы нақты үдерістердің көрінісі болуы да мүмкін. Сондықтан әрбір күмәнді көрсеткіш қосымша тексерісті қажет етеді.
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, ЖИ мамандардың жұмысын жеңілдетуі тиіс. Оның сөзінше, технологияны үш негізгі бағытта қолдану көзделген.
– Бірінші топқа респонденттер мен статистикалық мәліметтерді пайдаланушылар жатады. ЖИ оларға есепті дұрыс толтыруға, қателерді түсінуге және қажетті көрсеткіштерді қарапайым тілмен табуға көмектеседі. Екінші топ – бюро қызметкерлері. Олар технологияны деректерді жіктеу, сапасын бақылау және қалыптан тыс көрсеткіштерді анықтау үшін пайдаланады. Үшінші топқа қажетті ақпаратты жылдам тауып, көрсеткіштерді салыстырып, үрдістерді талдайтын мемлекеттік органдар кіреді, – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Спикер негізгі шектеуге де назар аударды. Жасанды интеллект қайталанатын міндеттерді орындап, шешім нұсқаларын ұсына алады, бірақ кәсіби шешімнің дұрыстығына жауапкершілік маманның мойнында қалады.Бұл қағидат ресми статистика үшін айрықша маңызды.
ЭЫДҰ Қазақстанға қандай ұсыныс берді?
Ұлттық статистика жүйесін терең бағалау үшін ЭЫДҰ сарапшылары 2023–2025 жылдары арнайы шолу жүргізген. Қорытынды есеп 2026 жылғы 7 қыркүйекте жарияланды.
Шолуда Қазақстанның статистикалық жүйесіне жалпы оң баға берілген. Сарапшылар деректердің сапасы, өзара сәйкестігі, қолжетімділігі мен уақытылы ұсынылуын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкестігін атап өткен. Статистикалық тіркелімдерді дамыту және әкімшілік деректерді пайдалану бағытындағы жұмыстар да оң бағаланды.
ЭЫДҰ-ның бас статисті әрі Статистика және деректер дирекциясының басшысы Стив Макфили әр елдің статистикалық жүйесін бір ғана өлшеммен бағалау дұрыс еместігін алға тартады. Оның айтуынша, елдердің көлемі мен басқару құрылымы әртүрлі болғандықтан, статистикалық жүйелердің өзіндік ерекшеліктері бар.
– Әр елдің статистикасы сан алуан. Кейбір мемлекеттерде басқару жүйесі орталықтандырылған, ал басқаларында өкілеттіктер басқарудың әртүрлі деңгейлері арасында бөлінген. Сондықтан әр елдің күшті және әлсіз жағы бар. Қазақстанның статистикалық жүйесі айтарлықтай орталықтандырылған, жақсы дамыған. Сонымен қатар ел әкімшілік деректерді кеңінен пайдалануға ұмтылып отыр. Бұл – оң үрдіс, өйткені заман ағымына сай статистика дәл осы бағытта дамуы керек, – деді ол.
Алайда бұл мәселе жоқ дегенді білдірмейді.
– Бірде-бір елдің статистикалық жүйесі мінсіз емес. Қазақстанда стандарттар жоғары деңгейде болғанымен, деректер сапасына қойылатын талаптарды жетілдіріп, әкімшілік деректерді пайдалануды кеңейту қажет. Статистика бюросы басқа мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеуі керек. Сонда бірыңғай стандарттар тек статистика саласында ғана емес, барлық министрлікте қолданылады. Алдағы жылдары осы бағытта жұмыс істеу қажет, – деп атап өтті Стив Макфили.
Сарапшылар нақты олқылықтарды да көрсетті. Атап айтқанда, мемлекеттік борышқа, бизнестің құрылымы мен демографиясына қатысты кейбір мәліметтерді, сондай-ақ экологиялық статистиканың жекелеген бағыттарын жетілдіру қажет. Бұған қоса көрсеткіштердің қалай есептелетінін, қандай деректерді қамтитынын және қандай шектеулері барын түсіндіретін әдістемелік сипаттамаларды жақсарту ұсынылды.
Қазақстанның ұлттық статистика жүйесіне шолу жүргізген халықаралық сарапшылар тобының жетекшісі Жюльен Дюпон ұсыныстарды бірден орындалуға тиіс міндеттер тізімі емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын өзгерістер бағдарламасы ретінде қарастыру керектігін айтады.
– Басымдықтарды айқындап, статистикалық саясаттағы олқылықтар мен жүйені дамытуға қажетті ұлттық тетіктерді талқыладық. Үйлестіру жұмысы өте маңызды. Инновациялар мен технологияларды енгізу қажет, бірақ бұл үшін барлық мемлекеттік орган үйлесімді жұмыс істеуі керек, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, алдағы бір, екі немесе үш жылда қандай нәтижеге қол жеткізу керектігін нақты белгілеп, әр мемлекеттік органның міндетін айқындау маңызды.
Статистика ашық әрі қауіпсіз бола ала ма?
Ресми инфляция көрсеткіші халықтың күнделікті шығындарының өсуімен сәйкес келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда ведомство тұтыну бағалары индексінің қалай есептелетінін, оған қандай тауарлар мен қызметтер кіретінін түсіндіруі керек. Сондай-ақ жеке адамның шығыны ел бойынша орташа көрсеткіштен неліктен өзгеше болуы мүмкін екенін ашық көрсету маңызды.
Бұл талап жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен еңбек нарығының көрсеткіштеріне де қатысты. Статистикаға деген сенім сандардың дәлдігімен шектелмейді. Есептеу әдістемелерінің ашықтығы, деректердің шектеулерін түсіндіру және көрсеткіштерді қайта қарау себептерін көрсету де маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар статистикада банктердің, кассалық жүйелердің және мобильді операторлардың деректерін пайдалану кеңейген сайын, ақпаратқа қол жеткізу мен оны қорғау талаптары да күшеюі керек. Мемлекет деректерді жинау мен пайдаланудың заңды негіздерін айқындап, құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына жол бермейтін тетіктерді қамтамасыз етуге тиіс.
Еуропа тәжірибесі: сенімді статистиканың негізі неде?
Халықаралық тәжірибеге үңілсек, Еуропа заманауи статистиканың қандай қағидаттарға сүйенуі керектігін айқындаған. Тәжірибе кодексі статистикалық органдардың тәуелсіздігі, ведомствоаралық үйлестіру, деректерге қол жеткізу, сапа, құпиялылық, объективтілік және көрсеткіштердің салыстырмалылығы сияқты мәселелерді қамтитын 16 қағидаттан тұрады. Өткен жылы Еуростат кәсіби тәуелсіздік пен статистикалық мекемелер арасындағы ынтымақтастықтың маңызын тағы да атап өтті.
Кәсіби тәуелсіздік статистика органдарының әдістемелерді, дереккөздерді және жариялау мерзімдерін саяси не коммерциялық мүдделерге тәуелсіз анықтауын білдіреді. Ал ведомствоаралық үйлестіру мемлекеттік органдардың ортақ анықтамалар мен жіктеуіштерді қолданып, өзара салыстыруға болатын көрсеткіш қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Бұл талаптардың практикалық маңызы зор. Статистикалық көрсеткіштер бюджетке қатысты шешімдерге, экономикалық болжамдарға және қоғамдық пікірталастарға әсер етеді. Сондықтан олардың кәсіби талаптарға сай есептелуі және нәтижелердің объективтілігіне күмән тумауы маңызды.
Жүйеде осы қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыруға арналған сапаны қамтамасыз ету негіздемесі де қолданылады. Ол дереккөздерді таңдаудан бастап, ақпаратты өңдеу, нәтижелерді тексеру және әдіснаманы жариялауға дейінгі жұмыс кезеңдерін қамтиды.
Демографиялық өзгерістерді ерте анықтау: Қазақстан мен Оңтүстік Корея тәжірибесі
Ал Оңтүстік Корея тәжірибесі әкімшілік және жеке сектор деректерін біріктіру арқылы өңірлердегі нақты жағдайды терең бағалауға болатынын көрсетеді. Елдің статистика органдары мобильді байланыс операторларының, банк карталарының және мемлекеттік тіркелімдердің мәліметтерін осы мақсатта пайдалануды сынақтан өткізіп жатыр.
Мұның бір мысалы – халқы азайып бара жатқан 89 аумақтағы келушілер санын бағалау. Мамандар ресми тіркелген тұрғындармен қатар, бұл аумақтарда іс жүзінде қанша адам болатынын анықтауға тырысады. Келуші деп тіркелген жерінен тыс аумақта айына кемінде бір рет болып, сол жерде күніне үш сағаттан артық уақыт өткізетін адам есептеледі.
Бағалау үшін екі мемлекеттік ведомствоның мәліметтері үш телекоммуникация операторының, банк карталарын шығаратын алты ұйымның және кредиттік бюролардың деректерімен салыстырылады.
Бұл тәсіл өңірдегі тіркелген тұрғындар санынан бөлек, нақты өмірде қалыптасқан жағдайды бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, тұрақты тұрғындары азайған ауданға жұмыс істеуге немесе күнделікті шаруаларын атқаруға басқа жерлерден адамдар келуі мүмкін. Мұндай ақпарат жергілікті билікке қызметтер мен инфрақұрылымды жоспарлауға көмектеседі.
Дегенмен шектеулер бар. Кейбір абоненттер есепке алынбай қалуы, ал әртүрлі дерекқорларды салыстыру кезінде қате туындауы мүмкін. Сондықтан есептелген көрсеткіштер адамдардың нақты санымен толық сәйкес келмеуі ықтимал.
Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де маңызды. Цифрлық дереккөздер статистиканы егжей-тегжейлі жинақтауға мүмкіндік береді, бірақ олардың негізінде алынған нәтижелердің қалай есептелгені мен дәлдігіне әсер ететін шектеулер ашық түсіндірілуі керек.
Оңтүстік Корея тәжірибесі демографиялық өзгерістерді ерте анықтаудың да маңызын көрсетеді. Ел бала туу деңгейінің төмендеуімен бетпе-бет келіп, демографиялық үрдістерді тереңірек талдау және олардың салдарын алдын ала бағалау жолдарын іздестіріп жатыр. Корея Республикасының Деректер және статистика министрлігіне қарасты Ұлттық статистика қызметі бюросының бас директоры Янг Чжэ Ву осы тәжірибеге тоқталды.
– Статистикалық деректер халық санының өзгеріп жатқанын, туу көрсеткішінің төмендегенін және отбасын құратын жұптардың азайғанын көрсетті. Өкінішке қарай, біз бұл мәселеге қатысты шараларды ертерек қабылдауымыз керек еді. Осы мүмкіндікті жіберіп алдық, – деді ол.
Оның айтуынша, қазір ел демографиялық өзгерістерді ертерек анықтап, олардың салдарын азайтуға көмектесетін тәсілдерді әзірлеп жатыр. Статистика ұзақ мерзімді үрдістерді олардың әсері қоғамға анық сезілмей тұрып байқауға мүмкіндік береді. Алайда деректер мәселені шешпейді. Мемлекет оларды талдап, тиісті шешімдер қабылдауда ескеруі қажет.
Қазақстан да осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, елде Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылып, халық санының 2060 жылға дейінгі болжамы әзірленген.
– Демографиялық өзгерістердің себебін түсіну үшін қажетті шаралардың бірі – тиісті болжам әзірлеу. Біз бұл жұмысты 2060 жылға дейінгі кезеңге арнап жүргіздік. Жақын арада оның нәтижелері жарияланып, зерттеушілерге, институттар мен мемлекеттік органдарға қолжетімді болады. Болжам демографиялық өсімнің баяулауы мен туу деңгейінің төмендеуі ықтимал аумақтарды көрсетеді, – деді ол.
Мұндағы мақсат – демографиялық өзгерістердің ықтимал бағыттарын көрсету. Бұл мемлекетке мектептер мен ауруханалардың қажеттілігін бағалауға, еңбек нарығын және әлеуметтік инфрақұрылымды жоспарлауға мүмкіндік береді.
2030 жылға дейінгі жоспар
Ұлттық статистика бюросы 2030 жылға қарай қажетті деректердің басым бөлігі автоматты түрде түсіп, бизнеске бір ақпаратты қайта-қайта тапсыру қажеттілігі азаяды деп жоспарлап отыр. Бұл ретте деректердің сапасы оларды жинаудан бастап, статистикалық көрсеткіштерді жариялауға дейінгі барлық кезеңде бақылануға тиіс.
Осы өзгерістермен бірге бюроның рөлі де кеңейеді. Ведомство ресми көрсеткіштерді қалыптастырумен қатар, деректермен жұмыс істеудің ортақ ережелерін, әдіснамаларды, тіркелімдер мен жіктеуіштерді және сапаны бақылау тәртібін үйлестіруді көздейді.
– Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға, бизнеске, зерттеушілер мен азаматтарға көрсеткіштің мәнін білу жеткіліксіз. Олар оның неліктен өзгергенін, өзгерістердің қай жерде болғанын, оған қандай факторлар әсер еткенін және алдағы уақытта не болуы мүмкін екенін түсінуі керек. Сондықтан біз талдамалық функцияны күшейтіп, көрсеткіштерді жариялаудан шешім қабылдауға көмектесетін деректерді ұсынуға көшіп жатырмыз, – деді ол.
Демек, реформаның тиімділігі ақпаратты қаншалықты жылдам өңдеумен өлшенбейді. Оның нәтижесі статистиканың мемлекеттік шешімдер қабылдауға, бизнесті жоспарлауға, экономикалық зерттеулер жүргізуге және қоғамдағы өзгерістерді түсінуге қаншалықты көмектесетінімен де бағаланады.
ЭЫДҰ да Қазақстанның статистикалық жүйесіне оң баға беріп, оны жетілдіру бағыттарын айқындады. Ендігі міндет – халықаралық ұсынымдар мен жаңа технологияларды іс жүзінде енгізу.