Дерматология орталығында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шара өтті
Шара барысында медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған Орталық директоры, медицина ғылымының докторы Жұлдыз Данбаева мекеменің 1 жылдық жетістіктеріне тоқталды.
Оның атап өтуінше, соңғы жылдары орталық дәрігерлерінің біліктілігі 23,3 пайызға артқан. Дәрігерлердің санаттылығы 72, медбикелердікі 61 пайызға көтерілген. Сондай-ақ ұжымда ғылыми дәрежесі бар 5 қызметкер жұмыс істейді. «Бұл қала мекемелерінің ішіндегі ең жақсы көрсеткіш», дейді ол.
1 жыл көлемінде медициналық мекемеде бірқатар жаңа технологиялар енгізілген. Мәселен, соңғы уақыттарда енгізілген ПУВА терапиясы Орталық және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ең бірінші тері ауруларын емдейтін технология болып саналады. Сонымен қатар мембраналық плазмафарез деп аталатын қан тазалау әдісі де дерматолгия саласында алғаш рет аталған орталықта қолдануда.
«Сонымен қатар орталықта 10 орындық күндізгі емдеу орны ашылып, тәжірибе алмасу мақсатында Урал ғылыми-зерттеу институтымен келісімшартқа қол қойылды», деді Ж.Данбаева.
Шара барысында бірқатар қызметкерлер орталықтың құрмет грамотасымен марапатталып, мекеме ішінде өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік дәрігер», «Үздік медбике», «Үздік лаборант» аталымдарының жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болды.
Медицина қызметкерлері алдында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртістері, «Бәйтерек» тобы өнер көрсетті.