Дертті ерте анықтау: Қазақстандағы скрининг реформасы кімді және қалай құтқарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда скринингтік бағдарламалармен қамту деңгейі бірден 25%-ға артты. Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заңнамалық өзгерістерден кейін, ең маңызды онкологиялық тексерулер МӘМС жүйесіндегі мәртебеге қарамастан, барлық азамат үшін толықтай тегін әрі қолжетімді пакетке ауыстырылды.

Фото: gov.kz

Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында сала мамандары халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі мен скринингтердің маңызы жайлы сөз қозғады.

Скрининг дегеніміз — адам бойында ешқандай белгілер немесе клиникалық көрсеткіштер болмаса да, қауіпті дертті ең ерте кезеңінде анықтау әдісі. Осы уақытқа дейін елімізде онкологиялық бағыттағы скринингтер тек әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бар тұлғаларға ғана жасалып келді. Алайда заңнамаға енгізілген соңғы реформалар онкоскринингті кепілдік берілген тегін медициналық көмек пакетіне енгізді

Сондай-ақ әрбір жұмыскерге медициналық скринингтен өту үшін үш күндік заңды демалыс беріледі.

Бұл қадам жүйеге қандай өзгеріс әкелгенін ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Әсел Қыдырәлиева түсіндірді.

— Бұл заң аясындағы ең үлкен жаңашылдық, қол жеткізген нәтижеміз — онкологиялық скринингтің сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін пакетте баршаға бірдей қолжетімді болуы. Осы шешімнің арқасында онкологиялық тексерулермен қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік туды. Қазір қамту деңгейінің 25 пайызға жеткені — өте оң өзгеріс. Ауру неғұрлым ерте анықталса, оның емі де соғұрлым тиімді, нәтижелі болмақ, — дейді Әсел Қыдырәлиева.

Фото: Видеодан скрин

Министрлік өкілінің айтуынша, скринингтік бағдарламалардың ауқымы тек онкологиямен шектелмейді. Дүниежүзілік өлім-жітім құрылымында бірінші орында тұрған қанайналым жүйесінің аурулары, қант диабеті мен глаукоманы ерте анықтау ісі де жолға қойылған.

Оның үстіне, жаңадан енгізілген цереброваскулярлық аурулар скринингі аясында 50-70 жас аралығындағы ер азаматтар екі жылда бір рет мойын брахиоцефалды тамырларын ультрадыбыстық зерттеуден өткізеді. Бұл тамырдың бітелу деңгейін анықтап, инсульт пен инфаркттің алдын алып, қажет болған жағдайда шұғыл оперативті ем қолдануға септігін тигізеді.

Қазіргі таңда глаукома бойынша 800 мыңға жуық адам, сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігіне 900 мыңдай әйел, ал колоректальды қатерлі ісікке 750-800 мың азамат тексеруден өтеді.

Фото: Kazinform

Жалпы нәтиженің 5 пайызында дерт ерте анықталса, бұл — мыңдаған адам өмірінің аман қалуы. Осы мақсатта Е-gov қосымшасы арқылы 2 миллионнан астам азаматқа электронды хабарламалар жіберіліп, емханалардың бағыттау жұмысы күшейтілген.

Кім, қашан және қандай жиілікпен тексерілуі керек?

Қазақстанда бекітілген арнайы бұйрыққа сәйкес, нысаналы топтар емханаларда тегін тексеріле алады.

Қант диабеті, артериялық гипертония, глаукома: 40 жастан 76 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер әрбір екі жыл сайын;

Жатыр мойны қатерлі ісігі: 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер әрбір төрт жыл сайын;

Сүт безі қатерлі ісігі: 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер әрбір екі жыл сайын;

Колоректальды қатерлі ісік (тік ішек пен тоқ ішек): 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер әрбір екі жыл сайын;

Цереброваскулярлық аурулар (инсульт, инфаркт қаупі): 50 жастан 70 жасқа дейінгі ер азаматтар әрбір екі жыл сайын.

Фото: Видеодан скрин

Тәуелділік пен күйзелістің дертке әсері қандай?

Бүгінгі таңда скринингтік зерттеулердің тізімі толысып, заманауи биохимиялық көрсеткіштермен толығып жатыр. Мәселен соңғы уақытта жүрек-қантамыр ауруларының қаупін дәлірек бағалау үшін атерогенді фактор саналатын тығыздығы төмен липопротеидтерді (ТТЛП) анықтау міндеттелді. Бұл тәж артерияларында майлар мен бляшкалардың жиналуын ерте бастан бақылауға мүмкіндік береді.

Алайда медицина ғылымдарының кандидаты, терапевт Жанна Ешмағамбетованың пікірінше, кез келген заманауи диагностика адамның өз өмір салтын өзгертуге деген талпынысымен ұштасуы тиіс.

Маман қазіргі қоғамдағы онкологиялық және созылмалы аурулардың белең алуын қозғалыс аздығы мен психологиялық факторлармен байланыстырады.

— Заман дамыған сайын, адамдар гаджеттерге қатты тәуелді болып барады. Виртуалды әлемнің қызығымен физикалық тұрғыдан белсенділік мүлдем азайды. Қозғалыстың аздығы бірден артық салмаққа әкеледі, ал бұл процестің артында кортизол гормонының шамадан тыс көбеюі тұр. Кортизол — стресс гормоны. Егер адамның физикалық белсенділігі төмен болса, бұл гормон жиналып, ағзаны іштен жегідей жейді, соның салдарынан онкологиялық аурулардың дамуына тікелей жағдай жасалады. Егер адам күніне ең құрығанда 30-40 минут таза ауада серуендеп, 10 мың қадам жүруді әдетке айналдырса, кортизол деңгейі бірден төмендейді, — деп ескертеді маман.

Фото: Видеодан скрин

Оған қоса, фастфуд өнімдерін бейберекет тұтыну мен тұрақты күйзеліс те қатерлі ісікті қоздыратын негізгі факторлардың қатарында. Сондықтан әрбір кішкентай, елеусіз көрінген зиянды әдет уақыт өте келе үлкен қауіпті дертке айналуы мүмкін.

— Көптеген азамат бойынан жаман ауру табылып қала ма деп скринингтен қорқып, қашады. Ал қорқыныш ауруды тежемейді, керісінше, оның асқынып, ем қонбайтын деңгейге жетуіне себеп болады. Тәнінде қандай да бір күдік немесе жайсыздық бар әрбір азамат салқынқандылық танытып, скринингтен өтуі тиіс. Бұл көмек баршаға бірдей қолжетімді, — дейді дәрігер.

Бұдан бұрын Қазақстанда онкологиялық аурудың алдын алуға арналған қоспа әзірленіп жатқанын жазғанбыз.