Елде қызметкердің скринингтік зерттеуден өту тәртібі нақтыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Аталған заң ҚР Парламенті депутаттарының бастамашылдығымен әзірленген. Заңның негізгі мақсаты – жұмыскерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыру және еңбек қатынастарының негізгі рәсімдерін нақтылау жөніндегі еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру.
- Заңмен қолданыстағы Еңбек кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, Еңбек кодексі еңбек саласындағы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауға бағытталған жаңа қағидаттармен толықтырылып, жұмыскерлердің заңды мүдделерін сақтау, еңбекке уақытша жарамсыздық немесе әлеуметтік демалыс кезеңімен тұспа-тұс келген жағдайларда соңғы жұмыс күнін айқындау тәртібі нақтыланады. Одан бөлек, жұмыскерлердің скринингтік зерттеулерден өту тәртібі белгіленіп, ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге жұмсалған уақытқа орташа жалақы төлеу мәселесі реттеледі. Сондай-ақ, жұмыс берушінің еңбек жағдайларының өзгергені туралы жұмыскерді жазбаша түрде хабардар ету міндеті енгізіледі, - деді сенатор Руслан Рүстемов.
Сонымен қатар жұмыс берушілерге өндірістік процесте пайдаланылатын барлық нысандар мен еңбек құралдарын қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру міндеті жүктеледі. Ал мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында біліктілікті тұрақты арттыру талаптары енгізіледі.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, өңірлік үшжақты комиссиялардың қызметін үйлестіру және еңбек қатынастарын реттеу бағытындағы өкілеттіктері кеңейтіледі. Сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтары мен олардың қызметіне ақы төлеу тәртібі де нақты регламенттеледі.
- «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жұмыскердің тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жұмыскерді скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігі туралы хабардар ету және жұмыс берушіге скринингтік зерттеулерден өтуге жататын жұмыскерлер бойынша мәліметтерді цифрлық технологиялар арқылы жіберу бойынша құзырет беретін нормалармен толықтырылады. Ал «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға жергілікті басқару органдарының еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету міндетін белгілеу бөлігінде толықтырулар енгізіледі. Қорыта айтқанда, заң еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында еңбек қауіпсіздігін арттыру, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, цифрландыруды енгізу және еңбек дауларын шешуді оңтайландыруға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, - деді депутат.
Бұған дейін хабарланғандай, елімізде әрбір жұмыскерге медициналық скринингтен өту үшін үш күндік заңды демалыс беріледі.