Детектив жанрындағы жазушылардың әдеби кеңесі құрылды

Фото: Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қазақстан жазушылар одағының жанынан «Детектив жанры кеңесі» құрылды. Бүгін оның алғашқы мәжілісі өтті.

Жазушылар одағынан хабарлағандай, жиында детектив жанры кеңесінің жұмыс жоспары, ары қарай дамыту жолдары, кітап шығару жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ, кеңестің төрағасы Темірболат Ахметов кеңес мүшелерімен және кеңестің алдағы жоспарларымен таныстырды.

«Детектив жанры — елімізде кенде қалған жанрдың бірі. Бұл кеңес детектив жанрындағы әдебиетті, осы жанрда жазатын қаламгерлерді қолдау үшін құрылды. Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойының аясында өткен «Кемел қаламгер» байқауының детектив жанры бойынша қалам тартатын жазушыларға ықпалы мол болды. Осындай қаламгерлерге шабыт сыйлайтын іс-шараларды көбейтуіміз керек» - деді Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Жиын соңында кеңес мүшелері алдағы уақытта детектив шығармаларының бір томдық антологиясын шығаруға келісті.