Саясаттанушының пікірінше, оңтайлы деп саналатын уақытта сайлау өткізу бүгінгі іс басындағы биліктің құқығы болып табылады.
«Конъюнктура тұрғысынан алғанда да бұл түсінікті, экономикалық дағдарыс туралы да алға тартуға болады. Дегенмен, меніңше, біз осы сайлау өткеннен кейін дағдарыс болатындығы туралы үрейді орынсыз айтып жатқан тәріздіміз. Сондықтан да енді біреулер сайлаудан кейін девальвацияны күте бастады, ал экономикалық жағдайды сараптау көрсеткеніндей, бұл үшін ешқандай алғышарт жоқ. Яғни, алтын-валюталық резерв тұрғысынан да, сауда балансы тұрғысынан да елімізде мұндай күрт бұрылыс күтілмейді», - деді Д.Әшімбаев.
Бұл ретте саясаттанушы теңге девальвациясы төңірегінде күтілетін қаңқу сөздер сарапшылық бағалаулардан гөрі, банктік капиталдар мен экспортшылар тарапының арандатушылығына негізделетінін алға тартады.
«Сонымен бірге елімізде белгілі бір деңгейде әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауын жоққа шығармаспыз. Алайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың соңында осындай дағдарысқа қарсы биылғы жылы атқарылатын шараларды ұсынып қойған болатын», - деді Д.Әшімбаев.