Дэвид Бекхэм футбол клубын құруды жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Дэвид Бекхэм АҚШ-та футбол клубын құратынын мәлім етті, деп хабарлайды Би-Би-Си.

Бекхэм өткен аптада Майами мэрімен кездесіп, жаңа клубтың стадионын салу мәселесін талқылады. Ағылшын футболшысының әзірге атауы жоқ клубы 2017 жылы Американың басты соккер лигасында (MLS) ойнайтын болады. «Мен өзім үшін жеке команданы құрғым келеді. Бұл қала футболға дайын және біз үлкен жетістіктерге қол жеткізетінімізге сенемін. Біз миллиондаған халықтың көзайымына айналатын футбол клубын құрудамыз», - деді ол. Оның сөзіне қарағанда, мұнда әлемдік атаққа ие футболшылар ойнайтын болады. Сонымен қатар мұнда легионерлерді ғана емес, өз футболшыларын жаттықтыратын академия құрылмақ. Айта кетейік, Д.Бекхэм 2007-2012 жылдар аралығында MLS чемпионатында ойнады. «Лос-Анджелес Гэлакси» сапында ол екі жыл қатарынан MLS кубогын жеңіп алды. Одан бөлек «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид», «Милан» мен «Пари Сен-Жермен» клубтарында өнер көрсетті.