Дэвид Бекхэм Ұлыбританияның алғашқы миллиардер спортшысы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Бекхэм отбасының қазір жалпы байлығы 1,185 млрд фунт стерлингті құрайды, бір жыл бұрын ол шамамен 500 млн фунт стерлингке бағаланған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.

Фото: Amir Levy/Zuma/ТАСС

Sunday Times газетінің Ұлыбританияның ең дәулетті адамдары мен отбасыларының 2026 жылға арналған рейтингі Дэвид Бекхэмнің ел тарихында алғашқы миллиардер спортшы ретіндегі мәртебесін растады.

«Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы жартылай қорғаушысы байлығының артуы негізінен АҚШ-қа салынған инвестициялар мен футбол-жобаларына қатысуымен байланысты.

Оның негізгі активі Бекхэмнің бірлескен меншігіндегі америкалық «Интер Майами» клубы болып қала береді. Оның құны шамамен 1,45 млрд долларға бағаланып отыр, ал клуб капиталдандырылуының өсуі негізінен Лионель Мессидің келуімен және команданың коммерциялық тартымдылығының артуымен, соның ішінде оның келісімшартын 2028 жылға дейін ұзартумен байланысты.

Англия құрамасы бұрынғы капитанының табысы Adidas және Hugo Boss сияқты әлемдік брендтермен ұзақ мерзімді келісімшарттардан да қалыптасып отыр.

Spice Girls тобының бұрынғы мүшесі Виктория Бекхэм жылдық табысы 100 млн фунт стерлингтен асатын жеке сән брендін дамыту арқылы отбасының байлығына айтарлықтай үлес қосты.

Осыған дейін Дэвид Бекхэм спорт пен қайырымдылыққа қосқан ерекше үлесі үшін рыцарь атанғанын хабарладық.