София қаласында Дэвис кубогінің плей-офф матчында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Александр Бублик есепті 2:0-ге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екінші кездесуде әлемнің 29-ракеткасы А.Бублик дүниежүзілік рейтингте 569-орында тұрған Янаки Милевпен кортқа шықты.
Бірінші партияны қазақстандық теннисші брейкпен бітірді – 6:4.
Екінші сетте А.Бублик бірден брейк жасап, 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:1.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Осылайша, Қазақстан – Болгария матчында есеп – 2:0.
Ертең, жексенбі күні үш бәсеке жоспарланған. Қазақстанға матчта жеңіске жету үшін соның біреуінде ұтса, жетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың Тунистегі турнирдің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Юлия Путинцева Жапониядағы жарыстың финалында есе жіберді.
Дэвис кубогінде Болгариямен матчта Тимофей Скатов Қазақстанды алға шығарды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).