София қаласында өтіп жатқан Дэвис кубогінің плей-офф матчында Қазақстан құрамасы Болгарияны ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 29-ракеткасы Александр Бублик жекелей сында рейтингте 179-орындағы Димитар Кузмановпен шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:4, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.
Бір сағат 41 минутқа созылған кездесуде Бублик 7 эйс жасап, 4 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Кузманов 1 эйс, 3 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Александр Бублик есепті 3:1-ге жеткізді.
Қалған бір бәсеке ойналса да, ештеңені шешпейді.
Қазақстан құрамасы алдағы жылдың ақпанында Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне шығу үшін шешуші матч өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан - Болгария матчында есеп қысқарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).