Дэвис кубогы: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Анталия қаласындағы (Түркия) Megasaray Tennis Academy топырақ төсенішіндегі ашық корттарында жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңі өтіп жатыр.
Фото: ҚТФ
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы В тобында алғашқы кездесуінде Оңтүстік Африка Республикасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Алдымен Дамир Жалғасбай (№ 198 ITF Juniors) Джон Ботманы (№ 219 ITF Juniors) 6:1, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді.
Фото: ҚТФ
Екінші болып кортқа өз елінің бірінші ракеткалары шықты. Заңғар Нұрланұлы (№ 77 ITF Juniors) Коннор Дойгқа (№ 135 ITF Juniors) еш мүмкіндік қалдырмады – 6:1, 6:1.
Жұптық сында Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков 45 минуттың ішінде Джон Ботма – Джейден Сандерсті тас-талқан қылды – 6:1, 6:1.
Сейсенбі күні Қазақстан құрамасы Гонконгпен кездеседі. В тобында Қазақстан мен Франция алда келеді. Франциялықтар да Гонконгты 3:0 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жасөспірімдер арасында Дэвис кубогында Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталғанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде алтыншы орынға түсіп қалды.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).