Дэвис кубогы: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Иранды 2:1 есебімен ұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында теннистен Дэвис кубогының Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы екінші матчын сәтті өткізді.
D тобында Сергей Квактың шәкірттері Иран құрамасын 2:1 есебімен жеңді.
Алдымен Михаил Мищенко Киярашты камбэкпен ұтты — 1:6, 6:4, 7:6 (7:2).
Бұдан кейін Мансұр Сайынов Айрикті қапы қалдырды — 6:4, 6:3.
Жұптық сында ғана Михаил Мищенко Аңсар Ниетқалиевпен бірге Айрик — Самға есе жіберді — 2:6, 4:6.
Ертең қазақстандықтар өз тобында Қытай құрамасымен кездеседі. Қытайлықтар бүгін Жаңа Зеландиядан 3:0 есебімен басым түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Дэвис кубогының іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған едік.