Дэвис кубогы: Оңтүстік Кореямен ойында Шевченко Қазақстанды есепте алға шығарды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Чхунчхон қаласында теннистен Дэвис кубогы аясында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы плей-офф матчы басталды. 

Кортқа әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко мен дүниежүзілік рейтингіде 379-орында тұрған Чон Хён шықты. 

Чон 2018 жылы Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, рейтингіде 19-сатыға көтерілген. Бұл кездесуде Шевченко 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. 

Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде Шевченко 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Кореялық спортшы 1 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді. Осылайша, Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.

Бұған дейін қос құрама екі рет кездескен. 2007 жылы Корея 5:0 есебімен жеңген еді. Кейін 2010 жылы Қазақстан Астанада дәл сондай есеппен қарымта қайтарған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы кездесуді Александр Шевченко бастайтынын жазған едік.