АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында Belline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде ширек финалға шыққан құрамалар анықталды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жартылай финалға шығу үшін Жапония командасымен таласады.
Кеше Сергей Квактың шәкірттері Иранды 2:1 есебімен тізе бүктірген еді. Бүгін дәл сондай есеппен Қытайға есе жіберді.
Осылайша, қазақстандық жасөспірімдер өз тобынан ширек финалға екінші орынмен шықты.
Жеребе қорытындысы бойынша ертең сондай-ақ Аустралия – Қытай, Қытайлық Тайбэй – Өзбекстан, Корея – Гонконг құрамалары өзара кездеседі.
Үздік төрт команда жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Иранды 2:1 есебімен ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).