Дэвис кубогы: Қазақстан екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Бельгия арасындағы «Дэвис Кубогы-2014» матчының екінші кездесуінде Әлемнің 88-ші ракеткасы 26 жасар Андрей Голубев Әлемдік рейтингтің 113-ші нөмірі 23 жасар Давид Гоффенге қарсылас атанды.

Бұл туралы спортс.кз хабарлады.

Бірінші сетте қарсыластар тең ойын өрнегін көрсетіп, тай-брейкте 11:9 есебімен қазақстандық теннисшінің мерейі үстем болды. Екінші партияда Голубев қарсыласына 3:6 есебімен жол беріп, жалпы есеп теңесті.

Үшінші сетте де Гоффен жеңіс тойын тойлатты. Төртінші партияда шегінерге жол жоқ кезде қазақстандық теннисші 6:2 есебімен айқын басымдық танытты. Шешуші сәтте қарсыластар көпке дейін бірін бірі ала алмады. 22 геймге созылған сеттің нәтижесінде Голубев жеңісті жұлып әкетті. Жалпы есеп - 3:2 (7:6 (9), 3:6, 4:6, 6:2, 12:10).

Осылайша Қазақстан -Бельгия матчында біздің команда 2:0 есебімен алға шықты.

Ертең жұптық сынға Евгений Королев/Денис Евсеев - Оливье Рохус/Киммер Коппеянс шығады.