Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағанындай, турнирдің іріктеу сайыстары 6-7 наурыз күндері өтеді.
Жеребе бойынша Қазақстанға Нидерланды құрамасы қарсылас атанды.
Сонымен, іріктеу сындарында Хорватия – Пәкістан немесе Үндістан, Венгрия – Бельгия, Колумбия – Аргентина, АҚШ – Өзбекстан, Аустралия – Бразилия, Италия – Оңтүстік Корея, Германия – Беларусь, Қазақстан – Нидерланды, Словакия – Чехия, Аустрия – Уругвай, Жапония – Эквадор, Швеция – Чили құрамалары өзара бәсекеге түседі.
Сайыстар бірінші көрсетілген құраманың алаңында өтеді. Яғни Қазақстан Нидерланды теннисшілерін қабылдайды. Хорватия – Пәкістан немесе Үндістан матчында ғана корт иесі жеребе бойынша кейін анықталады.
Үш сеттік форматта өтетін іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрмақ.
Жеңіске жеткен 12 команда Мадридте өтетін турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алады. Оларға 2019 жылғы Дэвис кубогінің жартылай финалистері Ресей, Ұлыбритания, Канада және Испания қосылады. Сондай-ақ wild card иегерлері есебінде Франция мен Сербия да алдағы жылдың финалына бірден қатысады.
Еске сала кетейік, Дэвис кубогының биылғы финалдық жарысында Қазақстан Нидерланды спортшыларымен кездесіп, 2:1 есебімен ұтқан болатын. Дегенмен кейін дәл осындай есеппен Ұлыбританияға жол беріп, ширек финалға шыға алмай қалды.
Биыл Дэвис кубогының финалында Канаданы тізе бүктірген Испания құрамасы өз тарихында алтыншы рет жеңімпаз атанды.
Фото:olympic.kz