Дэвис кубогы: Қазақстан - ширек финалда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «Дәулет» республикалық теннис орталығында Дэвис кубогының алғашқы айналымы өтті. Әлемдік топта орналасқан біздің құрама Бельгия теннисшілерімен бақ сынасты.

Үш күн бойы өткен 5 матч Астананың теннис жанкүйерлерін бір қуантса керек. Алғашқы күні Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Рубен Бемельмансқа қарсы ойнады. Ойын басталысымен Миша өзінің тәжірибесі мол теннисші екендігін байқатты. Бұл кездесуде Кукушкин 6-4, 6-7, 6-2, 6-3 есебімен жеңіске жетті.

Жанкүйерлердің асыға күткені әрине, қазақстандық Андрей Голубев пен Бельгияның жас таланты Давид Гоффен арасындағы матч болды. Кездесу басталып та кетті. Тартысты ойын болатыны алғашқы ұпай кездерінде-ақ білінді. Екі спортшы да әрбір гейм мен сетті оп-оңай жеңіле қойғысы келмеді. Қазақ жанкүйерлерінің қолдауы да сезіліп отыр. Онымен қатар осы матчтың басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Қазақстан құрамасын қолдауға келді. Лық толы «Дәулет» спорт кешенінде қазақстандық Андрей Голубев үлкен сынаққа тап болғандай.

4 сеттен кейін есеп 2-2 болып тұрды. Соңғы сет. Бельгиялық Давид та, Андрей де жеңіске бір табан жақын болып еді. Алайда шешуші сәттерде тәуекелге бас ұрып, салқынқанды ойын өрнегін көрсеткен жерлесіміз жеңісті бельгиялық теннисшінің аузынан жырып алды. Үлкен жеңіс. Есеп: 7-6(9), 3-6, 4-6, 6-2, 12-10.

Қазақстандықтар үшін алғашқы күн жеңіспен аяқталса, екінші күні жұптық бәсекеде бельгиялықтар басым болды. Құрамалар арасында жалпы есеп - 2-1-ге жетіп, шешуші кездесулерді күту ғана қалды.

Соңғы жарыс күнінде қазақстандықтар үшін жеңіс ауадай қажет еді. Кукушкин Гоффенмен тартысқа шықты. Шешуші 5-ші сет те болатын болды. Голубевке есе жіберіп қойған Гоффен қаһарына қайта түскен аяздай жеңісті ғана көздесе керек. Дегеніне жетті. «Миша, Миша» деп қолдау көрсеткен жанкүйерлеріміз алдында Михаил Кукушкин жеңіліп қалды. Бірақ жұптық кездесуге Кукушкин Евсеевтың орнына алаңға шыққанын айтпаса болмас. Қатарынан үш күн ойнаған Михаилдың шаршап қалғаны болса керек. Кездесу есебі 6-4, 3-6, 6-3, 4-6, 0-6.

Жалпы есепте таразы басы теңелді. 2-2. Келесі болып кортқа Андрей Голубев Рубен Бемельмансқа қарсы тұрды. Андрей бір іздің бойына түсіп алып, сол ізден ауытқымай жеңіске сенімді түрде жетті. Есеп 6-2, 6-3, 6-1. Бұл жеңіспен Қазақстан құрамасы жалпы есеп 3-2 болып, басым түсті.

Дэвис кубогының кезекті турында қазақстандық теннисшілер Швейцария құрамасына қарсы тұрады. Ал Швейцария құрамасын Федерер, Вавринка...Ендеше теннисшілерімізді абыройлы сынақ күтіп тұр.