Дэвис кубогы: Роджер Федерер Қазақстанға келе алмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев отандық спортшылардың 2-4 ақпан күндері Астанада Швейцарияға қарсы өтетін Дэвис Кубогының 1/8 финалына дайындығы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрама қапитанының айтуынша, Қазақстан мен Швейцария арасындағы 1/8 финалда Қазақстан фаворит атанып отыр.

«Қазақстан мен Швейцария арасындағы ширек финал үшін тартыста фаворит атанып отырмыз. Себебі, Швейцарияның аңызға айналған теннисшілері - Роджер Федерер мен Стэн Вавринка бұл матчқа келе алмайды. Оның үстіне өз алаңымызда ойнау да теннисшілерге оң ықпалын тигізеді. Әлемдік рейтингте швейцариялық теннисшілер біздің команда көшбасшыларынан төмен орналасқан. Тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Әйтсе де, әлемдік Дэвис кубогында әлсіздер болмайды, онда рейтинг ешқандай рөл ойнамайды. Сондықтан, бізді тартысты ойын күтіп тұр. Бізге еш босаңсуға болмайды, ойынға бар күшімізді салуымыз керек», - деді команда капитаны Диас Досқараев Астанадағы Ұлттық теннис орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
 

Сондай-ақ, Д.Досқараев теннисшілерінің ойынға тас-түйін дайын екендігін жеткізді.

«Жігіттер өте тәжірибелі және ұлттық құраманың формасын киюдің қандай жауапкершілік жүктейтінін түсінеді. Олар екі апта бұрын Астанаға ұшып келді және ауа райы мен уақыт айырмашылығына бой үйретті. Қазіргі уақытта үздіксіз жаттығу жұмыстарымен айналысуда», - деп өз сөзін толықтырды ол.
 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дэвис кубогы 2-4 ақпан күндері аралығында Астанадағы Ұлттық теннис орталығында өтеді. Жарыс 2 ақпан күні сағат Астана уақытымен 12:00-де, 3 және 4 ақпан күндері 14:00-де басталады.

24 қаңтар күні Қазақстан құрамасының Дэвис кубогы аясында Швейцарияға қарсы ойнайтын теннисшілері анықталды. Аталған додада Михаил Кукушкин (ATP рейтингінде 69-орын), Александр Недовесов (234) Дмитрий Попко (248), Тимур Хабибулин (783) және дебютант Роман Хасановты (711) бақ сынайды.
 

Швейцария құрамасы атынан Генри Лааксонен, Адриан Бодмер, Марк Андреа Хуслер, Антуан Бельер және Лука Маргароли қарсылас болмақ.

Еске сала кетсек, Қазақстан Дэвис кубогына 1995 жылдан бері қатысып келеді. Ұлттық құрамамыз 2010 жылы бірінші рет Әлемдік топқа іліккен болатын. Ал 2011, 2013, 2014 және 2015 жылдары жарыстың ширек финалына шықты.