НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дэвис кубогының топтық кезеңінде теннистен Қазақстан құрамасының қай күндері ойнайтыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дэвис кубогының ұйымдастырушылары мәлім еткеніндей, барлық топтағы матчтар биылғы қыркүйек айында өтеді.
Қазақстан құрамасы Глазго (Шотландия) қаласында өз ойындарын D тобында өткізеді.
Қазақстандық теннисшілер 13 қыркүйек күні Нидерланды құрамасымен кездеседі. Содан кейін 15-інде АҚШ командасымен шеберлік байқасады. 18-інде корт иелері – Ұлыбританиямен күш сынасады.
Сондай-ақ топтық бәсекелер Болонья (Италия), Валенсия (Испания) және Гамбург (Германия) қалаларында өтеді.
Әр топтан екі үздік құрама плей-офф кезеңіне жолдама алады. Плей-офф бәсекелері Испанияның Малага қаласында 21-27 қараша күндері болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Рим турнирінің ширек финалына шыға алмағанын, Юлия Путинцеваның әлемнің жетінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.
Есесіне Андрей Голубев Рим мастерс турнирінің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).