ДИАҚБ миссиясы сайлаушылардың ұлттық тізімінің нақтылығын, азаматтардың тізімдермен танысу мүмкіндігін, түрлі жағдайларда дауыс беруге мүмкіндік беретін арнайы тетіктерді, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар үшін жасалған жағдайларды сайлау үдерісінің оң тұстары ретінде атап өтті.
Орталық сайлау комиссиясы жүргізетін сайлаушылардың ұлттық тізімінде 2 тамыздағы жағдай бойынша 12 605 788 азамат болды. Миссия өкілдерімен әңгімелескендердің басым бөлігі сайлаушылар тізімінің дұрыстығына сенетінін білдірген. Азаматтарға сайлаушылар тізімімен алдын ала танысуға мүмкіндік берілді.
Сайлау жүйесінде азаматтардың түрлі жағдайларда өз дауысын беруіне мүмкіндік беретін бірнеше тетік қарастырылған. Сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс жерде болатын азаматтар алдын ала өтініш беріп, уақытша жүрген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіле алды. Сонымен қатар басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік беретін есептен шығару куәліктері қолданылды.
Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар, отбасы мүшелеріне күтім жасайтын адамдар, сондай-ақ шалғай аудандарда тұратын сайлаушылар тиісті өтініш берген жағдайда үйде дауыс бере алды. Заңда көзделген жағдайларда арнайы сайлау учаскелері де құрылды.
Тұрақты тіркелген мекенжайы жоқ азаматтар үшін де арнайы мүмкіндік қарастырылған. Олар дауыс беру күні ел бойынша 221 сайлау учаскесінде жұмыс істеген онлайн жүйе арқылы тіркеуден өте алды.
Сайлау органдары мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді. Сайлау учаскелерінің аталған азаматтар үшін қаншалықты қолайлы екені тексерілді. Комиссия мүшелерін даярлау барысында мүгедектігі бар сайлаушылармен жұмыс істеуге арналған арнайы бейнекурс қолданылды. Орталық сайлау комиссиясының отырыстарында қазақ және орыс тілдеріне, сондай-ақ ым тіліне синхронды аударма қамтамасыз етілді.
Сайлау үдерісінің ашықтығы басқа да бағыттардан байқалды. Қолданыстағы заңнама, оның ішінде соңғы өзгерістер мен толықтырулардың және заңға тәуелді актілердің басым бөлігі ашық жарияланды.
Сайлау үдерісіне қатысушылардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі де қарастырылған. Азаматтар, саяси партиялар және басқа да субъектілер сайлауға қатысты даулар бойынша сайлау комиссияларына, соттарға немесе прокуратура органдарына жүгіне алады. Заңнамада мұндай өтініштерді қысқа мерзімде қарау тәртібі белгіленген.
Бұл тетіктердің барлығы азаматтардың сайлау құқығын іс жүзінде жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған. Азаматтың дауыс беру құқығына ие болуы ғана жеткіліксіз. Ол өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алуы, ерекше жағдайларда дауыс беру мүмкіндігіне ие болуы және қажет болған жағдайда өз құқығын заңда белгіленген тәртіппен қорғай алуы тиіс.
ДИАҚБ миссиясының осы бағыттарға берген оң бағасы Қазақстандағы сайлау үдерісінде рәсімдердің нақтылығына, дауыс берудің қолжетімділігіне және ашықтыққа ерекше мән берілетінін көрсетеді.
Айта кетейік, ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылары бүкіл ел бойынша жұмыс істегенін жазғанбыз.