Дидар Сыдықбек «Тараз» футбол клубының директоры болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық маман Дидар Сыдықбек «Тараз» футбол клубының директоры қызметіне тағайындалды.
Сыдықбек Дидар Бақытбекұлы 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Кәсіпқой деңгейде футболшы ретінде әр жылдары «Қызылжар», «Астана-1964», «Ақтөбе», «Ордабасы» секілді командаларда ойнады. Қазақстан жасөспірімдер (U-17, U-19) және Қазақстан жастар (U-21) құрамаларының жейдесін киді.
2012 жылы Қазақстан кәсіпқой бірінші лигасының үздік жас футболшысы атанды.
Спорттық мансабын аяқтаған соң түрлі салада қызмет атқарды. Футбол фунционері жолындағы алғашқы қадамын «SD Family» директоры ретінде бастап, жеке клуб, стадион және балалар академиясын ашты. Сондай-ақ Қазақстан медиа футбол федерациясының негізін қалады.
ҚФФ жүргізген «Алаң» инфрақұрылымдық жобасының кеңесшісі ретінде еңбек етті.
2025 жылы «Атырау» футбол клубының бас менеджері қызметін атқарды. Оның басшылығымен команда Қазақстан Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Андрей Демченко «Жеңіс» футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті.