Digital bazar жобасы: Базарлардағы тауар айналымы цифрланады
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылдың соңына дейін базарларды жаңғырту жұмыстары аяқталады. Сауда және интеграция министрлігі екінші деңгейдегі банктермен базарлардағы тауар айналымын цифрландыруға және олардың ақша ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital bazar» жобасын іске асырып жатыр. Бұл туралы сала министрі Арман Шаққалиев баяндады.
Министрлік заманауи сауда форматтарын дамытуды қолға алды. Онда ынталандыру механизмдері айқындалды және тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданды.
− Ішкі сауда субъектілерін қолдауға биыл 5,2 миллиард теңге қарастырылған. Негізгі капиталға инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сауда саласындағы 33 нысаннан тұратын, жалпы сомасы 168,4 миллиард теңгені құрайтын Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін базарларды жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған, − деді А. Шаққалиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оған қоса, министр электрондық сауданы дамыту туралы айтып берді. Жарты жылда Е-com 10% астам өсті және бөлшек сегментте 1,5 триллион теңге берді. Оның 1,3 триллион теңгесі 6 ірі маркетплейспен қамтамасыз етілген (Kaspi.kz, Halyk market, Forte Jusan, Ozon, Wilberries).
Екінші жартыжылдықта Қазпоштаның мультимодальды орталықтар желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ, биыл Қазақстан-Қытай (Каспи және Қазпошта) бағыты бойынша көтерме электрондық платформаны іске қосу жоспарлануда.
- Жасырын сауданы төмендету бағытында тауарларды каталогтау және қадағалау шаралары іске асырылып келеді. Заңнамалық деңгейде Тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жалпы жіктеуіші енгізіледі, таңбаланатын тауарлардың тізбесі кеңейтіледі. Қаржы министрлігімен және Қазақтелекоммен бірлесіп, Тауарлардың ұлттық каталогы (ТҰК) және Электрондық тауарлардың каталогтарын (ЭТК) біріктіру аяқталуда. Екінші деңгейдегі банктермен базарлардағы тауар айналымын цифрландыруға және олардың ақша ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital bazar» жобасы іске асырылуда, − деді Сауда министрі.
Айта кетейік, елімізде жыл басынан бері тауар айналымы 31 трлн теңгеден асып, сауда көлемі 8,4% өсті.