Digital Bridge өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды — Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында айтты.
— Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қош келдіңіздер! Ең алдымен, осы маңызды жиынға қатысу үшін арнайы келген меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі алқалы жиынға Мажарстанның Президенті Жоғары Мәртебелі Тамаш Шуйоктің қатысып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Құрметті Президент мырза, елімізге ресми сапармен келіп, форумға қатысып отырғаныңызды жоғары бағалаймын. Сіздің идеяларыңыз және бастамаларыңыз цифрлық технология саласындағы халықаралық серіктестікті нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенемін, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра беретінін айтты.
— Бүгінде Digital Bridge өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды, бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Осы уақыт ішінде форум жұмысына 67 мыңнан астам адам, 500-ден аса ІТ-компания және 100 елдің өкілі қатысты. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетелік Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталған еді.