Дихан Қамзабекұлы: Сәкен Жүнісовке Астана төрінен ескерткіш қою керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі қоғам қайраткері, прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісовке Астана төрінде ескерткіш қою керек. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Сәкен Жүнісов туралы деректі фильмнің тұсаукесерінде филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы мәлім етті.

«Сәкен Жүнісовтің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Оның артында қалған еліміздің маңызды кезеңдерін бейнелеген сүбелі шығармалары - құнын жоймайтын құндылықтардың бірі, халық өмірінің көркем шежіресі. Қайраткердің өзі ел-жұртына кеңінен танылған, халықымыздың сері азаматы, қадірлі ұлы. Оның қаламынан шыққан әрбір еңбегі үнемі халықтың жүрегіне жол тауып, рухани асыл қазынасына айналды. Ол әдебиет шеберлерінің ішіндегі аса дарындыларының бірі екені сөзсіз. Сәкен тек жазушы ғана емес, оған қоса танымал қоғам қайраткері. Астананың іргесін қалауға да өзіндік үлес қосқан тұлғалардың бірі. Өмірінің соңына дейін елі үшін еңбек етті. Марқұмның сүйегі осы Астанада жатыр. Енді Сәкенге Астана төрінен ескерткіш қою керек», - деп атап өтті Дихан Қамзабекұлы.

Күнсұлтан Отарбай