«Диқанның көңілі неге күпті?» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 қазан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Алматыда Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің I Саммиті болып өтті. Оған Әзер­байжан Республикасының Президенті Илхам Алиев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаева және Түрік Рес­публикасы Премьер-ми­нис­трі­нің орынбасары Бекир Боздағ қатысты. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. «Тарихтың өне бойында тамыры терең бәйтеректің бұ­тақтарындай түркі мемлекеттерінің тұтастығы өзектілігін ешбір жоғалтқан емес. Елдігіміз қалпына келіп, етек-жеңі­мізді жиған тұста татулықпен суарылған ауызбіршіліктің керектігі қай кездегіден де көкейкесті болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Түр­кі­тілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің І Саммиті ба­балар мұраға қалдырған қасиетті парыздың пернелерін басқаны ақиқат», - деп жазады басылым. Саммит жайында тереңірек білгіңіз келсе, басылымның сенбілік санындағы «Бәйтеректің бұтақтары» деген тақырыпқа назар аударыңыз.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, екі күннен бері әлемнің бұ­қаралық ақпарат құралдары Ли­вияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің қаза тап­қаны туралы хабарлап жатыр. Ливия ұлттық өтпелі кеңесінің премьер-министрі Махмұд Джи­брильдің мәлімдеуінше, М.Каддафи тұтқындалған кезде жаралы және тірі болған. Оның көзін жою жөнінде бұй­рық берілмеген. Полковникті ауруханаға алып бара жатқан­да, оның жақтастары мен өт­пелі кеңес әскерлері арасында атыс болған. Атыс кезінде М.Каддафидің басына оқ тиіп, қаза тапқан.

***

Павлодар облысы экономикалық-әлеуметтік жағынан даму даңғылын бетке алған аймақ. Мұнда көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық жағдайлар жасалған, мүмкіндіктер де аз емес. Өңірде өндіріс нысандарының ашылуымен бірге жаңа жұмыс орындары пайда болуда, отандық тауар өндірісінің көкжиегі кеңейіп, халықтың жағдайы жақсаруда. Бұл - павлодарлықтардың ел Тәуелсіздігінің 20 жыл ішінде қол жеткізген толағай табыстары. Осы орайда Астанадағы Павлодар облысы күндері қарсаңында «Айқын» газеті өңір басшысы Бақытжан Сағынтаевпен арадағы сұхбатты жариялап отыр. Екуеара әңгіме «Өндірісті өңірде өзгеріс көп» деген тақырыппен берілген.

«Диқанның көңілі неге күпті?». «Айқын» газетінің сенібілік санында осы тақырыппен жарық көрген мақалада Тобыл өңірінің диқандары ағымдағы жылғы мол өнімнің пайдасын көре аламыз ба, деп алаңдап отырғандығы баяндалған. Басылымның атап өтуінше, бұған астық бағасының нарықта құлдырап кетуі себеп болып отыр. Ал оны сақтайтын облыстағы элеваторлар аузы-мұрнынан шығып лық толып тұр. Сондықтан мол өнім ашық аспан астында қалып ысырап болуы мүмкін.

***

«Инвестиция мәселері бойынша экономикалық ынтымақтастық және мейлінше перспективалы бағыттарын талқылауды ынталандыру және нақты бизнес-жобаларды ілгерілету. Қазанның 20-21 күндері сонау «Тұманды альбион» төрінде, Лондонның қақ ортасында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлініің қолдауымен Қазақ-Британ сауда өнеркәсіп палатасы мұрындық болған бизнес форумның көздеген басты мақсатын бір сөзбен жеткізсек - осы», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөміріндегі «Лондон: басты назарда - Қазақстан» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 2104,4 милион АҚШ долларын құраса, ағымдағы жылдың 7 айында 1379,3 миллионға жеткен.

Осы басылымның тұрақты «Дат?» айдарында филология ғылымының докторы, профессор Әнуар Тарақпен арадағы сұхбат «Аударма мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән беретін кез жетті» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Кейбір жекелеген оқу орындары, колледждерде де аударма ісі бөлімі жұмыс істейді. Жекелеген ақылы курстар да бар. Ол жерлерде аудармашылар даярланып жатқанымен, оқыту үдерісінде бір жүйелілік, нақты бағыт-бағдар қалыптаспаған. Осы мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беретін кез жеткен сияқты. Меніңше заман сұранысына сай жазбаша және ауызша аударма мамандарын оқытатын дербес институт ашуға да болады»,- дейді.

***

«Дүйсенбі күні Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Беларусь Республикасына ресми сапармен барады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, бұл сапар барысында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен, сон­дай-ақ Премьер-министрі Михаил Мясниковичпен кездесулер өтетіні қарас­ты­рылу­да. Мәжіліс Төрағасының Беларусь Республикасы Ұлттық жи­на­лысы Өкілдер палатасының Төр­ағасы Владимир Андрейченкомен және Беларусь Респуб­ли­касы Ұлттық жиналысы Респуб­ликалық кеңесінің Төрағасы Анатолий Рубиновпен кездесулер өткізетіні жоспарлануда.