Димаш Алматыда жанкүйерлерімен кездесті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Almaty Arena кешенінде Димаш Құдайберген Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерімен кездесті.
Бүгін Алматыда «Stranger» концертінің кинотеатрларға шығуына орай ұйымдастырылатын «D and Dears» атты фан-кездесу өтіп жатыр.
Онда Димаштың жанкүйерлері өнерпазға тікелей сұрақ қойып, оның шығармашылығына арналған шоуды тамашалады.
Ең әуелі Димаш Құдайберген фан-кездесуінде КСРО және Қазақстан халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға қоңырау шалып, батасын алды.
Сондай-ақ ерекше кеште Сәкен Майғазиев, Sadraddin, Kesh You тобы, Ақбота-Нұр, Ернар Амандық, Дастан Оразбеков және өзге де қазақстандық әншілер өнер көрсетіп жатыр.
— Бүгін осы жерде кездесіп отырғаныма шексіз қуаныштымын. Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін үлкен шабыт. Бұл кеш бәріміз үшін ұмытылмас кеш болатынына сенімдімін. Өздеріңізбен осы сәтті бөлісіп отырған менде арман жоқ, — деді Димаш Құдайберген.
Ұйымдастырушылар мәліметіне сәйкес, фан-кездесуге 8 мыңға жуық адам жиналған.
Еске салайық, 27 мамырдан бастап Астанада өткен «Stranger» шоуы елімізде алғаш рет кинотеатрларда көрсетіледі.
Бұған дейін Димаштың бүгінгі фан-кездесуіне 40-тан астам елден жанкүйерлер келгенін жазғанбыз.
Осы айда Димаш Құдайберген белгілі қазақ ақыны әрі жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.