Әлемге танымал әнші жер астына 700 метр тереңдікке түсіп, Qarmet компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтада болды.
Ол кеншілердің күнделікті еңбек жағдайымен танысып, заманауи қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын көрді. Сондай-ақ шахта жұмысшыларын кәсіби мерекесімен арнайы құттықтады.
— Бұл мамандық иелеріне деген құрметім ерекше. Сіздердің еңбектеріңіз айрықша құрметке лайық! – деп жазды Димаш әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қарағандыға сапары барысында әнші танымал суретші, антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковпен де кездесті.
Өнер иесі Димашқа өзінің туындысы мен кітабын сыйға тартты. Кейін Кәріпбек Күйіков концертке бара алмағанын айтып, Димашпен жеке жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
Димаштың Қарағандыдағы сапарындағы тағы бір әсерлі кездесу «Әсем» балаларды қолдау орталығында өтті. Бұл жолы сахна да, жарқыраған жарық де болған жоқ.
Кездесу қарапайым әрі жылы өтіп, балалармен еркін әңгіме-дүкен құрылды. Олар бірге шай ішіп, әзілдесіп, емен-жарқын сырласты.
— Балаларымыз үшін бұл кездесу үлкен сыйлық әрі зор шабыт болды. Бұл – армандардың орындалатынына деген сенімді нығайтқан ерекше сәт, – дейді орталық қызметкерлері.
Димаш балалардың әңгімесін ықыласпен тыңдап, оларға жылы лебізін білдіріп, қойған сұрақтарына жауап берді.
«Әсем» орталығының қызметкерлері үшін бұл кездесу балалардың жүрегінде ұзақ сақталатын әсерлі сәтке айналған. Олар мұндай жүздесу балаларға арманға сенудің және оған ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте сезіндіргенін атап өтті.
Осыған дейін Димаш Құдайбергеннің Кеншілер күніне арналған концерттің хедлайнері болғаны туралы жаздық.