Димаш Құдайберген Абылай Тілепбергеннің шығармашылық кешінде өнер көрсетті

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Almaty Theatre сахнасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұйымдастыруымен «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, көрнекті дирижер, дарынды күйші, оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепбергеннің «СЕРПІН» атты жеке шығармашылық концерті өтті.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кеште Құрманғазының төкпе күйлері мен Тәттімбеттің шертпе дәстүрін жаңаша пайымда ұсынылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Абылай Тілепбергеннің жеке орындауындағы және ұлттық оркестрмен бірлескен шығармалары көрермен көңілінен шықты. Ұлттық музыка өнерінің алтын қорына енген таңдаулы күйлер мен оркестрлік өңдеудегі туындылар тың интерпретацияда орындалды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Концертке Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген арнайы қонақтардың қатарында болды. Олар бір сахнада өнер көрсетіп, жан тебірентер күйлерді бірге орындады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Іс-шарада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Ренат Гайсин, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры солистері мен Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі әртістері және домбырашылар тобы өнер көрсетті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұған дейін Димаш Құдайберген Алматыдағы музейге атасының домбырасын сыйға тартқанын жазғанбыз.