Димаш Құдайберген испан тілінде ән жазуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген DIMENSIONS әлемдік туры аясында 19 және 20 қарашада өтетін екі концертке қатысу үшін Мехико қаласына барды.

Фото: Dimashnews.com

Концерттер қарсаңында өнер иесі жанкүйерлерімен кездесіп, Мексика және халықаралық БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Dimashnews.com.

18 қарашада әншіні қолдарына Қазақстан мен Мексиканың туын ұстаған көптеген жанкүйер қарсы алды. Жиналғандар өнер иесін ду қол шапалақтап, өздеріне бұрыннан таныс «¡Dimash, hermano! ¡Ya eres mexicano!» («Димаш, бауырым! Сен енді мексикалықсың!») деген ұранмен қарсы алды.

Димаш мінген көлікті жанкүйерлер қоршап алған кезде әнші люкті ашып, көліктің төбесіне көтеріліп, жиналған қауыммен өзі амандасты.

Фото: Dimashnews.com

Мехико DIMENSIONS әлемдік турының Мексикадағы төртінші қаласы болды. Бұған дейін концерттер Мерида, Монтеррей және Гвадалахара қалаларында өткен еді.

Баспасөз мәслихатында Димаш Мексикаға елдегі алғашқы жеке концертінен бір жыл өткен соң қайта оралуы өзі үшін ерекше оқиға екенін айтты.

— Соңғы он жылда әлемнің көптеген елінде жеке концерттерімізді өткіздік. Бірақ былтыр Мексикадағы концерттен кейін концерт директорларыма: «Біз бұл жерге міндетті түрде қайта оралуымыз керек! Егер мүмкіндік болса, келесі концертті тезірек ұйымдастырайық», — дедім. Міне, біз қайтадан осындамыз! — деді әнші.

Кездесудегі басты жаңалықтардың бірі – өнер иесінің испан тілінде музыкалық шығарма жазу ниеті туралы мәлімдемесі болды.

— Жақын арада испан тілінде сөйлейтін барлық жанкүйерім үшін, әрине, мексикалық тыңдармандар үшін де бір дүние жасап көргім келеді. Өйткені олар бұған лайық деп ойлаймын. Маған сөздерді дұрыс айтуға көмектесетін адам тапқым келеді. Бұл туындыны жақын арада жарыққа шығарамыз деп үміттенемін, — деді Димаш.

Әнші өзінің музыкалық талғамы туралы да әңгімеледі. Ол испан тіліндегі сүйікті шығармаларының қатарында «Historia de un Amor», «Bésame Mucho» және аргентиналық орындаушы Лучано Перейраның «Porque aún te amo» әнін атады.

Фото: Dimashnews.com

Кездесу барысында өнер иесі халықаралық мансабының басталуын және Қытайдың Singer телевизиялық байқауына қатысқан кезеңін еске алды. Оның жадында шетелдік мыңдаған көрермен алдында қазақтың халық әні «Дайдидауды» орындаған сәт ерекше сақталған.

— Мен сахнада 20-30 мың адамның алдында тұрдым. Кенет олардың бәрі менімен бірге өз ана тілімде ән айта бастады. Оның үстіне, сөздерді анық, акцентсіз дерлік айтты! Мен қатты таңғалдым. Арада он жылға жуық уақыт өткенде, тура кеше Гвадалахарадағы концертте дәл сондай сезімді қайта бастан өткердім, — деді ол.

Димаштың айтуынша, оның музыкасының ауқымды жарнамалық науқандарсыз халықаралық деңгейде танылуына жанкүйерлерінің қолдауы мүмкіндік берген.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, әнші DIMENSIONS әлемдік турының тұжырымдамасын да түсіндірді. Оның айтуынша, турдың атауы адам болмысының сан қырын және классика, поп, рок, джаз бен рэпті біріктіретін шығармашылығының музыкалық әртүрлілігін білдіреді.

Баспасөз мәслихатында отбасылық құндылықтарға да ерекше назар аударылды. Димаш ата-анасының қолдауы оның өмірі мен шығармашылық жолында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

— Бала кезімде музыка өмірдегі ең маңызды нәрсе деп ойлайтынмын. Музыканы әлі де қатты жақсы көремін. Алайда есейе келе отбасы, адамдармен жақсы қарым-қатынас және жақсы адам болуға ұмтылу әлдеқайда маңызды екенін түсіне бастадым. Музыка одан кейінгі орында, — деді өнер иесі.

Шығармашылығы туралы айтқан әнші сахнадағы өнер көрсету ол үшін вокалдық шеберлігін танытудың ғана емес, адамдарға бейбітшілік пен махаббат туралы еске салудың да тәсілі екенін жеткізді.

— «The Story of One Sky» әнін орындағанда, адамдарға соғыссыз әлем туралы еске салуға тырысамын. Ал «Махаббат бер маған» әнін айтқанда, махаббат туралы ой салғым келеді. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысамын, — деді Димаш.

Сондай-ақ өнер иесі жас музыканттарға кеңес беріп, тұрақты жаттығудың, сапалы білім алудың және шығармашылыққа шынайы қараудың маңызын атап өтті.

— Техника өте маңызды. Бірақ өнер туралы айтатын болсақ, ең бастысы — шын жүректен ән айту. Егер сахнада не істеп жатқаныңа өзің сенбесең, орындап тұрған әніңнің сөзіне сенбесең, онда ән айтпағаның дұрыс, — деп атап өтті ол.

Кездесу соңында Димаш мексикалық жанкүйерлеріне жылы қабылдауы мен көпжылдық қолдауы үшін алғыс айтты.

— Сіздерсіз, сіздердің қолдауларыңыз бен махаббаттарыңызсыз мен өнер иесі ретінде қалыптаса алмас едім. Мұны жақсы түсінемін. Барлығыңызға рақмет. Осы жетістікке жетуіме сіздер мүмкіндік бердіңіздер. Te amo! — деп жиналғандарға үн қатты әнші.

19 және 20 қарашада Димаш Құдайберген Мексика астанасында DIMENSIONS концерттік шоуын ұсынып, әлемдік турдың Мексика кезеңін аяқтайды.

Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Мексиканың Гвадалахара қаласында алғаш рет жеке концертін өткізгені хабарланған еді. DIMENSIONS шоуы 17 қарашада Auditorio Telmex концерт залында өтіп, көрермен залы лық толды.

Осыған дейін Димаштың Гвадалахарадағы концерті қалай өткені туралы жаздық.