Димаш Құдайберген ҚазҰӨУ-дің 20 жылдығы концерттеріне қатысады
Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне оқу орнының ректоры Айман Мұсақожаева мәлім етті.
«Университеттің 20 жылдығына орай есепті концерттер Қазақстан аумағынан бөлек, барша әлемде өтеді. Осы орайда есепті концерттерді Еуропа, Азия елдерінде және АҚШ-та береміз. Оқу орнының 20 жылдығына біздің барлық өнер жұлдыздарымыз, оның ішінде ЖОО түлектері мен «Астана опера» театрында, әлем елдеріндегі оркестрлерде қызмет етіп жүргендер келетін болады. Әрине, Димаш та өнер көрсетеді, ол әлі үшінші курстың студенті», - деді А. Мұсақожаева.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген осы жылдың басында Қытайдың «Singer 2017» ән байқауына қатысып, екінші орын жеңіп алды. Отандасымыздың талантты өнері көптеген қытайлық және басқа елдердің жанкүйерлерін тәнті етті. Сонымен қатар Димаш Қытайдағы көптеген музыкалық марапаттауларды еншіледі.
Айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 31 наурыздағы №269 қаулысымен Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 1998 жылғы 15 сәуірдегі №28 бұйрығымен Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры болып Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева тағайындалды. ҚР Үкіметінің қаулысымен 2009 жылы елордада өнердің барлық түрін дамыту мақсатында Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды.