Өнер адамы қаржылық шешімдерді өзгеге толық тапсырып қоймауы керек — Димаш Құдайберген

АСТАНА. KAZINFORM — Өнер адамы шығармашылық еркіндігін және зияткерлік меншік құқығын сақтау үшін қаржы мен келісімшарт мәселелерінен хабардар болуы керек. Бұл туралы әнші Димаш Құдайберген Astana Finance Days аясындағы панельдік сессияда айтты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сессия барысында шығармашылық индустрияға инвестиция тарту, инвестормен жұмыс істеу және өнер адамының зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелері талқыланды.

Димаштың айтуынша, инвестормен жұмыс істеудің барлығына ортақ бір үлгісі жоқ. Кейбір өнер адамдары инвестиция үшін зияткерлік меншік құқығының бір бөлігін беруге келіссе, енді бірі шығармашылық еркіндігі мен зияткерлік меншік құқығын сақтауды таңдайды.

— Бұл — әр өнер адамының жеке таңдауы. Барлығына бірдей келетін тәсіл жоқ. Кейбір өнер адамдары инвестиция үшін зияткерлік меншік құқығының бір бөлігін беруге келіссе, енді бірі шығармашылық еркіндігі мен зияткерлік меншік құқығын сақтауды таңдайды. Мен екінші жолды таңдадым. Өйткені мен үшін шығармашылық еркіндігімді де, зияткерлік меншік құқығымды да сақтау маңызды, — деді ол.

Сондықтан әнші келісімшарттың барлық талабын толық түсінбейінше оған қол қоймайтынын жеткізді.

— Өнер адамы қаржылық мәселелерді тек менеджерге немесе заңгерге тапсырып қоймай, келісімшарттың шарттарын, табыстың қалай бөлінетінін және өзінің құқықтарын жақсы білуі тиіс. Ол өз саласындағы қаржы мәселелерінен хабардар болса, «бұл жерде тәртіп осындай» немесе «лейблдің талабы солай» дегенге көне салмайды. Келіссөз жүргізіп, өзі үшін қай талаптың маңызды екенін, қайсысына келісе алмайтынын нақты білуі керек, — деді Димаш Құдайберген.

Ол мұндай білімді тек менеджер немесе заңгердің міндеті деп қарастыру дұрыс емес екенін айтты.

— Бұл салада сауатты болу өте маңызды. Қаржы, келісімдер мен түрлі талаптардың қалай жұмыс істейтінін білу қажет. Бұл тек менеджердің немесе заңгердің жұмысы емес. Мұны білу — өнер адамының кәсіби жауапкершілігінің бір бөлігі, — деді әнші.

Сонымен қатар ол қазақстандық мәдениет, тарих пен музыканың өзіндік ерекшелігі халықаралық аудитория үшін қызықты екенін атап өтті. Оның сөзінше, отандық өнерпаздардың сыртқы нарыққа шығуы үшін құқықтық қорғау және шығармашылық индустрияны дамытуға бағытталған арнайы қорлардың қолдауы қажет.

— Мұндай қорлар инвесторлар мен өнер адамдарының арасын байланыстыратын көпір бола алады, — деді Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, бүгін елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шараға әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Форум аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия саласындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.