Димаш Құдайберген Жапонияның NHK арнасына сұхбат берді
21:43, 18 Қараша 2019
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Жапонияның NHK ұлттық арнасына сұхбат берді. Бұл туралы әншінің өзі Іnstagram парақшасына жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тарихы терең осынау елге қонақ болып келгеніме өте қуаныштымын», - деді Димаш.
Ол әр елде өнер көрсетіп, осы деңгейге жетіп отырғаны ең алдымен ұстаздарының арқасы екенін айтты.
Жапон журналистері қазақтың домбырасына деген таңғалысын жасыра алмай, Димаштан домбыраның сиқыры неде екенін сұрады.
«Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың рухы. Ол жай аспаптан да үлкен дүние», - деді Димаш.
Әрі реті келсе, Жапонияда үлкен концертін өткізіп, домбыра үнінен сусындатуға уәде берді.