Белбеу әншінің халықаралық жетістіктері мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлегін мойындау ретінде берілді, деп жазды DimashNews.
Марапатты Дүниежүзілік бокс кеңесінің өкілдері Хектор Сулейман кіші, Хосе Антонио Арреола Сулейман және Виктор Сильва, сондай-ақ WBC ұйымында Қазақстан атынан өкілдік ететін Әлихан Жарылғапов табыстады.
WBC-нің әйгілі жасыл белбеуін бұған дейін Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Рой Джонс кіші және Флойд Мейвезер сияқты әлемдік бокс жұлдыздары иеленген. Орта салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған қазақстандық Геннадий Головкин де осы белбеуді таққан. Ұйым рингтен тыс жерде де ерекше жетістікке жеткен тұлғаларды марапаттаған. Олардың қатарында Нельсон Мандела мен Турки Әл аш-Шейх бар.
WBC өкілдері Димашқа белбеу табыстаудың мәнін түсіндірді
Дүниежүзілік бокс кеңесінің өкілдері DimashNews редакциясына берген сұхбатында бұл марапаттың маңызы мен әншіге таңдау түсу себебін айтып берді.
Олардың сөзінше, WBC-нің жасыл белбеуі — бокс тарихындағы ең үздік спортшылардың символы әрі осы спорт түріндегі ең жоғары марапаттардың бірі. Оған қол жеткізуді әрбір боксшы бала кезінен армандайды.
— Жасыл белбеуді иеленген әрбір спортшы өз арманына жету үшін талай жыл күресіп, табанды еңбек етті. Оның құны жоқ деуге болады, өйткені ол тарих пен ұлылықтың символы, — деді ұйым өкілдері.
Олар Димаштың белбеуге лайық деп танылуын оның әлемдік музыкадағы орны және адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттауымен байланыстырды.
— Біз мұндай белбеуді өте сирек табыстаймыз. Димаш — ерекше адам, музыка әлеміндегі аңыз. Ол әлемге танылды, көп адам оны әндері мен ұстанымдары үшін жақсы көреді. Сондықтан оған осы әдемі белбеуді табыстауды жөн көрдік, — деді WBC өкілдері.
Сондай-ақ олар Димаштың бокс тарихына құрметпен қарайтынын атап өтті. Әншінің бұл спорт түрінің құндылықтарын Геннадий Головкин арқылы жақынырақ таныған болуы мүмкін екенін айтты.
WBC өкілдерінің пікірінше, қазақстандық боксшының жетістігі оның спорттық шеберлігімен ғана шектелмейді. Головкинді өзгелерге жақсылық тілейтін, мінезі мықты азамат ретінде бағалайды. Олардың айтуынша, Қазақстан мен Мексика мәдениетінде де ортақ тұстар бар. Екі елдің халқы да өз мемлекетінің және әлемнің игілігін ойлайды.
Белбеуді табыстау бастамасын WBC президенті көтерген
Марапаттау идеясын Дүниежүзілік бокс кеңесінің президенті Маурисио Сулейман ұсынған. Алайда денсаулығына байланысты ол Мехикоға келе алмаған.
— Ол осы шара туралы бір апта бойы айтып жүрді. «Мен Димашпен бірге сол жерде болғым келеді. Ол — менің жақсы досым», — деді. Келе алмағанына қатты өкінді, — деп еске алды ұйым өкілдері.
Кездесу барысында Димаштың командасы мен WBC өкілдері ұйымның жаһандық мақсаттарын және әншінің БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымындағы қызметін де талқылады.
WBC боксшылардың денсаулығын сақтап, спорттағы мансабын қауіпсіз жалғастыруына жағдай жасауды көздейді. Ал Димаш музыка арқылы әлемді өзгертіп, бейбітшілік пен халықтарды біріктіретін құндылықтарды дәріптеуге ұмтылады. Ұйым өкілдері осы мақсаттарды екі тарапты жақындастыратын ортақ ұстаным деп атады.
Олар спорт пен өнердің әділетсіздікке қарсы тұрып, адамдарға шабыт беріп, адамгершілікті арттыра алатын күшіне де тоқталды. Мысал ретінде WBC-нің апартеидке қарсы ұстанымын еске алды. Оңтүстік Африкада нәсілдік кемсітушілік күшейген кезеңде ұйым президенті Хосе Сулейман елде WBC қамқорлығымен бокс жарыстарын өткізуге тыйым салған. Осылайша ұйым апартеидке қарсылық білдіріп, мәселені БҰҰ деңгейінде де көтерген.
Бокс пен музыканы қандай құндылық біріктіреді?
WBC өкілдерінің айтуынша, спорт пен музыка адамдарды біріктіріп, бір-біріне деген құрметті қалыптастырады. Олар бокс жекпе-жегі аяқталған соң қарсыластардың құшақтасып, бір-біріне құрмет көрсетуін осының айқын мысалы ретінде атады.
Сондай-ақ Геннадий Головкинмен қарым-қатынасының жақын екенін айтып, оны ұйым үшін отбасы мүшесіндей көретінін жеткізді.
Сұхбат соңында ұйым өкілдері Димаш пен оның әлемдегі тыңдармандарына арнаған тілегін де бөлісті.
— Армандарыңыз үшін күресіңіздер. Алға ұмтылуды тоқтатпаңыздар, сүйікті істеріңізбен айналысып, сол жолдың әр сәтінен ләззат алыңыздар. Музыканы бағалаңыздар. Өйткені музыка спортта да, кез келген мамандықта да бар, — деді олар.
Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген испан тілінде ән жазуды жоспарлап отырғанын хабарлаған едік.