Димаш Құдайбергеннің шырқаған әні «Азияның жаңа әндері» рейтингіне кірді
«Қоңыр күз» әні 2055 ұпаймен апталық Топ-20 рейтингінде 20 орыннан, жалпы рейтингте 34 орыннан көрінді. Ал Uptown Funk әні 2986 ұпай жинап, жалпы рейтингте 29 орынға жайғасты. Рейтингті Димаштың қарсыласы Чжан Цзе 137710 ұпаймен көш бастап тұр.
Айта кетерлігі, «Азияның жаңа әндері» рейтингіне бір жолда әншінің үш әні кіруіне мүмкіндік бар.
Рейтинг Азиялық әншілердің Қытайдағы танымалдылығына байланысты жасалады. Онда үш айдың ішіндегі барлық Азиялық әншілердің Қытайдағы тыңдалымы, бөлісуі және ақылы түрде жүктеп алуы арқылы ұпай саналып, рейтинг құрылады. Рейтинг әр 10 минут сайын жаңаланып, жыл соңында жылдық ТОП рейтинг жарияланады.
Қытайды өз талантымен тәнті еткен жерлесіміз «Singer - 2017» жобасында осы уақытқа дейін бес ән орындады. Бұған дейін Димаш Қытайдың мерекелік концертінде қазақтың «Ой жайлау» әнін шырқағанын хабарлаған болатынбыз.
Димаш Құдайберген «Singer - 2017» жобасында аз уақыттың ішінде Қытайдағы ең ықпалды жұлдыздардың біріне айналды. Өз елінде осыншалықты танымал болу үшін Қытайлық жұлдыздардың өзі қанша жылын сарп еткені мәлім. Бұл күнде Қазақстандық әнші 9 қаңтарда ашқан Sina Weibo (Туиттердің баламасы) әлеуметтік жеке парақшасына жазылған жанкүйерлер саны 2 миллионнан асып кетті.
Еске сала кетейік, Димаш 25 ақпан күні байқаудың үшінші айналымын (алтыншы кезең) бастайды. Отандасымыз Лара Фабианның репертуарынан «Adagio» әнін орындамақ.