«Димаш Құдайберген министрліктің қолдауымен 2016 жылы «Славян базары» халықаралық конкурсына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Қазіргі таңда ол Қытайдағы «Singer» кәсіби орындаушылар байқауында жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Атап өту керек, Димаштың қатысуымен конкурстың көрсетілімі 2 млрд көрерменнен асуда. Демек, олар - Айман Мұсақожаева басқарып отырған Ұлттық өнер университеті 3 курс студентінің жанкүйерлері болып табылады. Бұл, Мемлекет басшысы атап өткендей, имидждік жобалар, яғни спорт пен мәдениет арқылы Қазақстанның жетістігін әлемге паш етуіміз керек», - деді Мұхамедиұлы Астанадағы ведомство алқасының отырысында.
Мәдениет министрі мәдени саясаттың тұжырымына сәйкес, 2014 жылдан бастап еліміздегі барлық шығармашылық орындардың Мәдениет министрлігінің қарамағында екендігін еске салып өтті.
Олардың барлығы көпдеңгейлі дуальды білім беру және дарындыларды мектеп қабырғасынан бастап үлкен сахнаға дейін үздіксіз қолдау таныту қағидасы бойынша жұмыс жасауда.
«Мұның айқын дәлелі ретінде Димаш Құдайбергенді айта аламыз. Ол балалар музыкалық студиясында фортепиано және вокал сыныбы бойынша білім алып жүріп, «Айналайын» халықаралық шығармашылық конкурсының лауреаты атанған. А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжде білім жолын жалғастырды. 2014 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті атанды», - деп атап өтті министр.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «Singer» байқауының 6-кезеңінде әлемге танымал әнші Лара Фабианның репертуарынан «Adagio» әнін орындап, бірінші орынды иеленді.