Әнші өзінің Instagram-парақшасында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысатынын хабарлады.
— 2026 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елімізде оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» атты жаңа республикалық марафон бастау алды. Мен де осы марафонға арнайы, байқаудан тыс «Парасат» санаты бойынша қатысуды жөн көрдім. Соңғы уақытта оқыған кітаптарымның бірі — белгілі қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтың «Жизнь без рук» («Қолсыз өмір») атты автобиографиялық туындысы, — деп жазды Димаш.
Оның сөзінше, Қарағанды қаласында кеншілер күніне арналған концерт қарсаңында Кәріпбек аға Күйіковпен жүздесіп, жеке кездесудің сәті түскен.
— Оның өмір жолы, тағдыр тауқыметіне мойымас қайсарлығы мен рухының беріктігі маған ерекше әсер қалдырды. «Кітап оқитын ұлт» марафоны жаңа кітаптарды оқуға, олардан тағылым алуға және оқығанымызды бір-бірімізбен бөлісуге себеп болсын! — деп үндеді әнші.
Бұған дейін кітап оқуды қолдайтындарға арналған жаңа марафон бағыты ашылғанын жазғанбыз.