Димаш Құдайбергеннің жаңа «Voice Beyond Horizon» жобасында Қазақстанның атынан кім қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан намысын аталған жобада әнші, музыкалық театр және кино актері, вокалдық шеберлігі мен сахналық әсерлілікті үйлестіре білген өнер иесі Нұржас Садырбай қорғайды. Бұл туралы dimashnews.com сайты жазды.
2026 жылы Димаш Құдайбергеннің Қытайдың Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесіп дайындаған «Voice Beyond Horizon» атты жаңа халықаралық жобасы көрерменге жол тартпақ. Бұл ауқымды музыкалық шоудың қатысушылары — алты елден келген сегіз талантты әнші.
Нұржас 2000 жылы Үшқұдық қаласында дүниеге келген. 2019 жылы Науаи қаласындағы Мемлекеттік мәдениет және өнер колледжін «Академиялық вокал» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жоғары білімін ол Қазақ ұлттық өнер университетінде Асхат Маемиров шеберханасында «Музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша алды. Студенттік жылдарында-ақ кәсіби сахнада өнер көрсете бастаған. Оның алғашқы жарқын рөлдерінің бірі «Ромео мен Джульетта» мюзикліндегі Ромео бейнесі.
2020 жылдан бері Нұржас Астана қаласындағы Мемлекеттік жас көрермен театрының артісі болып қызмет етеді. Ол «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген, «Мадемуазель Нитуш» опереттасындағы Флоридор және «Шәмші» мюзикліндегі Ақан сері рөлдерін тамаша сомдаған.
Романтикалық туындылардың нәзік лиризмін де, драмалық қойылымдардың терең сезімін де шебер жеткізе білетін Нұржас «Абай — Тоғжан» спектаклінде Абай рөлін, «Гаухартас» қойылымында Қайыркен бейнесін және басқа да көркем образдарды сомдады.
Кино саласында ол басты рөлді «Естай мен Қорлан» музыкалық көркем фильмінде ойнап, ұлы қазақ композиторы Естайдың бейнесін шынайы түрде сомдап шықты.
Айта кетелік вьетнамдық БАҚ Димаш Құдайберген туралы жазған еді.