Димаш Құдайбергенов қытайлықтарға «Анаға сәлем» акапелласын шырқап берді
Видео Sina Weibo әлеуметтік желісіне орналастырылған.
Димаш Құдайберген «I'm in China» жобасы аясында бірінші ресми елші ретінде пандалардың қорығында болды .
«Бүкіләлемдік жануарларды қорғау ұйымының логотипінен панданың суретін көргенде «не себепті дәл осы жануар қызыл кітапқа еніп жатқан мыңдаған тіршілік иесінен бірінші орында үлкен назарға ие?» деп ойлайтын боларсыздар?! Бұл жануардың әлем бойынша 2 мыңға жуық қана саны қалыпты. Өмір сүрулері ерекше! Мінездері адамға ұқсас. Ренжіп қалады, еркелейді!... Мен кеше олармен кездестім...», - деп жазды әнші Инстаграмдағы парақшасында.
Сондай-ақ Димаш Құдайберген Қытайдың Сычуан өлкесі жер жүзіндегі барлық пандалардың отаны болып табылатынын жазды.
«Көне Чэндудің тар көшелерінде халық музыкасы ойнап тұрды, мектептердің бірінің балалары мен мұғалімдері әншіге сахналық қойылым көрсетті. Димаш өз қалауымен көшені өзінің таза, жоғары дауысымен жаңғыртты», - деп жазды қытайлық БАҚ.
Димаш Сычуань асханасының дәмін татты, қалаға жеке концертін беруге ниетті екендігін жеткізді.
Еске салайық, осы күндері отандасымыз Қытайдың Hunan.TV телеарнасындағы «Singer» ән байқауына қатысып жатыр. Бүгінгі уақытқа дейін байқаудың іріктеу 6 кезеңі өтті, барлығы 10 кезеңнен тұрады. Димаш олардың барлығында да қажетті дауыстар жинап, келесі кезеңге өтіп отырды.
Ерекше талантымен қытайлық көрермендерді тамсандырған ол, бірнеше кезеңде алғашқы орыннан көрінді. Димаш Құдайберген қытайлық сахнада француз тіліндегі «SOS d'un terrien en détresse » композициясын, 28 қаңтар күні өткен екінші кезеңде ресейлік Витастың «Опера №2 » әнін, Queen тобының «Show must go on » әнін, қытай тілінде «Күзгі мұң », Питер Джин Эрнандестің (Бруно Марс) репертуарынан «Uptown Funk » әндерін және соңғы өткен 6-кезеңнің түсірілімінде әлемге танымал әнші Лара Фабианның репертуарынан «Adagio » әнін орындады.
Бұл кезең Қытай телеарналарының эфирінде 25 ақпан күні көрсетіледі. Қытайлық әлеуметтік желілердің жазуынша, Димаш аталмыш соңғы кезеңде бірінші орынға қол жеткізді.