Димаш Құдайбергенов өзін Витасқа теңейтіндерге назын білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы «The Singer - 2017» ән байқауына қатысып жатқан отандасымыз Димаш Құдайбергенов өзі туралы «Қазақтың Витасы», «Екінші Витас» сынды теңеу сөздерді құптамайтынын білдірді.

«Әрине, Витас жақсы әнші, оны құрметтеймін, бірақ мен «Екінші Витас» емеспін! Музыкадан хабары бар мамандар мені жақсы түсінеді...», - деп жазды әнші өзінің Инстаграмдағы парақшасына.

Сонымен бірге, әнші келесі байқауда Витастың атақты «Опера-2» әнін шырқайтынын және бұл әнді Витастың дауысынан 2 тон жоғары орындауға бел буғанын мәлім етті. Кезекті байқау 28 қаңтар күні Бейжің уақытымен 22:05-те басталады. Ал 30 қаңтар күні Димаш Қытайдың жаңа жылдық мерекелік концертінде өнер көрсетеді.

Айта кетейік, қытайлық іздеу сайтында бүгін «Димаш» сөзі бірінші орынға шыққан. Әлеуметтік желіге қытайлық табынушылар Димаштың суретін жүктеп, өз сезімдерін ашық білдіруде. Олар Димаштың қазақ тілінде жазылған жазбаларын түсіне алмай, аударып беруді өтініп сұрауда.