Ресейге барғаны туралы әнші Инстаграм парақшасында жазды. «НТВ» арнасындағы «Орталық телевидение» бағдарламасында маэстро Игорь Крутоймен бірге алғашқы дуэттің тұсаукесері өтті», - деді Д.Құдайберген.
Бірегей тембрімен әлем халқын тамсандырған Димашты осылайша, тағы бір ресейлік арна мойындап отыр. Шоуды әзірлегендер әншінің дауысының құпиясын ашпақ болады. Ресей шоу-бизнесінің нарығына батыл қадаммен енген әнші бағдарлама соңында композитор Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен «Қалжыраған аққулардың сезімі» (Любовь уставших лебедей) әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Screaming» әніне түсірілген бейнебаян ресейлік «МУЗ-ТВ» арнасында көрермендердің ең көп дауысына ие болып, «музраскрутка» бағдарламасында көш бастаған болатын.
Ал осы айдың 19-да Димаштың Лондондағы жеке концерті өтеді. Қазіргі таңда Лондон орталығындағы экрандарда қазақстандық әншінің концерті жарнамаланып жатыр.