Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаш тазыға бұл атты кездейсоқ қоймаған.
— Бүгінгі мемлекет басшысы бекіткен әдемі күн — Тазы күні құтты болсын! Қазақтың ұлттық болмысы, дәстүрі жасай берсін деп тілеймін. Димаш тазының болмысын көріп, өте ұшқыр, жүйрік болсын деген ниетпен, ғарыштай жылдам болсын деп Ғарышкер деген ат қойған. Содан бері аты — Ғарышкер, — деді Қанат Айтбаев.
Ғарышкер алғаш келгенде кішкентай күшік болған. Оны біраз уақыт қалада ұстағанымен, тазының табиғатына кең дала әлдеқайда жақын екені байқалған. Сондықтан отбасы итті достарының шаруашылығына әкеліп, еркін далада өсіруге шешім қабылдаған.
Қазір Ғарышкер түлкі мен қоянға салынып, аңшылыққа бапталып жүр. Қанат Айтбаев оның даладағы еркін өмірге тез бейімделгенін айтады. Аңға түскенде ширақ қимылдап, өзінің жүйріктігін көрсетеді.
— Біз Ғарышкерді қалада ұстап көрдік, бірақ жанары солып, далаға үйренген ит екені байқалды. Қазір дала төсінде еркін ойнап, жүгіріп, қоян аулап өсіп келеді. Оның ұстаған аңын көріп, қуанып қаламыз, — деді ол.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, Ғарышкердің мінезі де тазыға тән. Көп үре бермейді, сабырлы әрі момақан. Бірақ аңшылық кезінде көзі жайнап, бар болмысы ашыла түседі.
— Тазы тұқымдасы өте сирек үреді, сабырлы болады. Ғарышкерді қолымызға алғалы бері бір үргенін көрмеппін. Өте момақан, бірақ аңға түскенде көзі жайнап кетеді. Аңшылықта өте жылдам, әсіресе қысты күні керемет көрініс, — деді Қанат Айтбаев.
Димаштың шығармашылық сапарлары көп болғандықтан, Ғарышкерді күнделікті қасына ертіп жүруге мүмкіндігі жоқ. Алайда елге келген сайын әнші далаға шығып, атқа мініп, өзінің тазысына арнайы барып тұрады.
Қазақ халқы тазыны ежелден ерекше бағалаған. Оның жүйріктігі мен аңшылық қабілеті көшпелі өмірде маңызды рөл атқарып, қиын кезеңдерде елдің күнкөрісіне де сеп болған. Тазының осы қасиеттері оны қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдырды.
— Қазақ тазыны қатты бағалаған. Оны өте таза, қасиетті деп есептеген. Небір зұлмат жылдарда аңшылығымен, жүйріктігімен ауылдарды асырап қалған тазылар болған. Сол қасиеті үшін қазақ халқы оны өте жақсы көреді, — деді ол.
Айта кетейік, 3 қыркүйек — Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтіп жатыр.
Бұған дейін, Димаш Құдайберген қазақ тазысы күніне орай бірегей кадрлар жариялаған еді.